Айгүл Елшібаева: Қай бабамыз «ақиқа» деуші еді? Дәстүрімізде жоқ атауларды тықпалай бермейік!

0
33
Сурет: qazaqstan.tv

Дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева ұлттық салт-дәстүрлерді бұрмалап, арабшадан балама іздеуді жөн көретіндерге шүйлікті. Осы орайда ол «қалжаны» арабша «ақиқа» дейтіндерді сынады, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

«Бір отырыста елімізге танымал жандардың бірі жаңа босанған әйелдің ақиқасын жеуге бардық деп, әңгімені соғып отыр. Ақиқа деген кәдімгі қазақтың қалжасы. Арабтар оны ақиқа деп атайды екен, ал біздің өз сөзіміз, өз дәстүріміз барда неліктен олай айтуымыз керек? Қазақ халқы әу бастан бәрін реттеп қойған. Әр нәрсенің орнын, салмағын саралай білген бабаларымыз.

Келіншек босанып, үйіне келгенде айналасындағылар қой сойып, қалжа беріп, жас анаға сорпасын ішкізген. Баланың мойны тезірек қатайсын деп, келіншекке мойын еттен берген ырымдап. Міне, қалжа дегеніміз бізде атам заманнан бар нәрсе. Алайда, арабша атаулар мен дәстүрлерді тықпалап, сәннен қалмау керек бәріне», — дейді Айгүл Елшібаева.

Сондай-ақ, ол жаңа босанған келіншек сәбиімен бірге үйге келгенде жасалатын ырымдар мен дәстүрлер туралы сөз қозғады.

«Қазақ сәбиді қырқынан шығарып, қырық қасық суды ырымдап құйып, жуындырып, шашы мен тырнағын алды. Дастархан жайып, шілдеханасын жасайды. Ақиқасын берді деген не? «Ақиқасын сойды» деген қай жақтан шықтан дәстүр? Қай бабамыз ақиқа деп айтушы еді? Қазақтың ұлттық дәстүріндегі жоқ атауларды тықпалай бермейік! Әр ұлттың өз ерекшелігі, салт-дәстүрі бар. Білмесеңдер, білгендерден сұрап алыңыздар. Біз қазақ деген ұлтпыз», — дейді Елшібаева.