«Сақ болыңыздар»: Тәуекел Мүсілім ұрлықтың құрбаны болды

0
Тәуекел Мүсілім ұрлықтың құрбаны болды. Актердің велосипедін тапа-тал түсте өзі тұрып жатқан тұрғын үйдің подъезінен алып кеткен. Тұрғын үйде күзет пен бейнебақылау камерасының болуы әккі ұрыларды тоқтатпапты, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға шамамен бір ай бұрын болған. Мүсілім бейнебақылау камерасына түскен видеоны жариялап, мән-жайды баяндады.

«23 маусым күні күзеті, бейнебақылауы бар тұрғын үй кешенінде түскі 12:00-де болған жағдай. Бір жыл бойы подъезде тұрған велосипедті ұрлап алып кетті. Сондықтан бей-жай қарамаңыздар. Құлыптарыңыз болса, соған байлап қойыңыздар. Қазіргі ұрылар Алладан қорықпайды, күзетті менсінбейді, видеобақылауды қыстырмайды. Ал біздің полицейлердің іздеуге мүлдем қауқары жоқ», — деді Мүсілім.

Актер бір ай бойы полициядан үміттеніп, үнсіз келгенін атап өтті.
«Бірақ босқа үміттеніппін. Бұл видео арқылы көпшілікке «мен сияқты бейқам болмаңыздар» дегім келеді. Дұрысы құлыпқа қойыңыздар. Сақтанғанды Құдай сақтайды», — деп ескертті актер.