Сапарбаев Қордай оқиғасында 19 полицей зардап шеккенін айтты

0

Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 19 полиция қызметкері зардап шеккен. Бұл туралы 11 ақпанда Нұр-Сұлтандағы үкімет отырысы барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады. Әкім облыстағы жағдайды «тұрақты» деп сипаттады.

«Бес күннің ішінде дәрігердің көмегіне 178 адам жүгінген, соның 19-ы – құқық қызметкерлері. Он адам қаза тапты. Құрбан болғандардың барлығының отбасына жәрдем көрсетіліп жатыр» деді әкім.

Сапарбаевтың айтуынша, қазіргі кезде Қордай аудандық ауруханасында 13 адам емделіп жатыр, тағы 20 адам – Алматы ауруханасына жатқызылған. Бұған қоса шенеунік Қырғызстан ауруханасындағы қазақстандықтардың елге жеткізілгенін хабарлады.

«Қырғызстанда болған адамдарды Алматы мен Таразға жеткіздік. Қазір онда (Қырғызстанда – ред.) адамдар қалған жоқ» деді әкім.

Үкімет отырысынан кейін журналистер сауалына жауап берген облыс әкімі қазіргі уақытта Қордай ауданында жаппай қақтығыс салдарынан келген шығын анықталып жатқанын, оның есебі шыққан соң зиян шеккендерде өтемақы төлеу туралы үкіметке ұсыныс енгізілетінін мәлімдеді.

Сапарбаев Жамбыл облысындағы жаппай қақтығыстардан кейін құрылған үкіметтің арнайы комиссиясының жетекшісі болып қалатынын айтты. Дүйсенбі күні Қазақстан президентінің жарлығымен Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі боылп тағайындалған.

Ақпанның 8-іне қараған түні Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай қақтысытар салдарынан, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. Жаппай тәртіпсіздіктер Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында болған. Жанжал барысында тұрғындар меншігіндегі ондаған ғимарат пен өзге де дүние-мүлік өртеніп, бүлінген.

Халықаралық басылымдар этникалық қақтығыс деп сипаттаған жанжалдан кейін үкімет арнайы комиссия құрып, ауданда төтенше жағдай жарияланды. Билік Қордайдағы оқиғаларға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Azattyq