Сапарбаев Қордай ауданындағы қазіргі жағдай жайлы айтты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Жалпы өткен бес күн ішінде дәрігерлік көмекке 141 адам жүгінген, оның ішінде 19 полиция қызметкері бар екен

НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев Қордайдағы қақтығыс бойынша үкіметте есеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қазір жалпы Жамбыл облысының Қордай ауданында жағдай тұрақты. Барлық құқық қорғау органының көмегімен жергілікті әкімдіктер жұмыс істеп жатыр. Жалпы өткен бес күн ішінде дәрігерлік көмекке 141 адам жүгінді. Оның ішінде 19 полиция қызметкері бар. Өкінішке қарай, он адам қаза болды», — деді Сапарбаев үкімет отырысында.

Ол көз жұмғандардың отбасыларына жерілікті демеушілер мен әкімдіктер тарапынан көмек көрсетілгенін атап өтті. Комиссия мүшелері қаза тапқан барлық азаматтың отбасыларына президенттің атынан көңіл айтқан.

«Қазіргі таңда Қордай аудандық ауруханасында 13, Алматы қаласында 25 адам дәрігерлік көмек алып жатыр. Қырғызстанда болған тоғыз адамды Алматы мен Таразға қайтардық», — деді ол.

Әкімнің айтуынша, Қордайға Алматыдан он білікті дәрігер шақырылған. Ал премьер-министр Асқар Мамин Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордайдағы оқиға салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссияны басқара беретінін мәлімдеді. 

10 ақпан күні мемлекет басшысының жарлығымен Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Экс-әкім Асқар Мырзахметов облысты екі жыл басқарды.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 8 ақпанда Қордай ауданында жергілікті ауқымда техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

7 ақпанда Қордай ауданының Қаракемер, Масанчи, Бұлар батыр ауылдарында 176 адам медициналық көмекке жүгінді, 41-і ауруханаға жатқызылды. Он адам көз жұмды.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Асқар Мырзахметовті қызметінен босатты

Зардап шеккендерге 39 дәрігер көмек көрсетіп жатыр, марқұмдардың отбасыларына көмек көрсету шаралары қолға алынды. Қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.



sputniknews.kz