Сапарбаев мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы өсетінін айтты

0

Қазақстанда шілдеден бастап мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер мен мәдени сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Бұл туралы 5 наурызда Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Астанада журналистермен кездесуде айтты.

«Шілдеде жалақы 30 пайызға өссе, біздің есебімізше, бір миллионға жуық қазақстандықтың айлығы көбейеді» деді министр.

Сапарбаевтың сөзінше, облыс, қала, аудан, ауыл әкімдіктерінде істейтін қызметкерлердің айлығы шілдеден бастап 25 пайызға өседі.

Баспасөз мәслихатына келген Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова әкімдікке келіп шағымданған әр ананың арызы жеке қаралатынын айтты.

«Қазір алдымызда жұмыспен қамту мәселесі тұр. Жұмыс бастау үшін, жұмысын жалғастыру үшін жастарға грант бөлу жағын қарастырамыз. Көп баласы бар аналарға үйде отырып, жұмыс істейтін мүмкіндік беруіміз керек» деді ол.

21 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті таратты. Ол Сағынтаев басқарған министрлер кабинетін «экономиканың сапалы өсіміне қажетті ынталандыру жасамады және халықпен жұмыс істей алмады» деп cынаған. Кейін Асқар Мамин премьер-министр болып тағайындалған. Назарбаев 27 ақпанда «Нұр Отан» партиясының съезінде жаңа үкіметке халықтың тұрмысын көтеруді тапсырған.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін елде көп балалы аналар наразылығы күшейген.

Азаттық