Сапарбаев әкімдерге не үшін сөгіс жариялады
Жамбыл облысы бойынша жедел штабтың кезекті отырысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал барысы талқыланды
НҰР-СҰЛТАН, 23 мая –Sputnik. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы мен Байзақ және Талас аудандарының әкімдеріне карантин режимін тиісті дәрежеде қамтамасыз етпегені үшін сөгіс жариялады.
Жамбыл облысы бойынша жедел штабтың кезекті отырысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал барысы талқыланды. Статистикаға сәйкес, аймақта COVID-19 вирусын жұқтыру өсімі байқалады.
«Соңғы 10 күннің ішінде 30 жаңа жағдай анықталды. Бұл жергілікті алдын алу жұмыстарының әлсіздігін және карантиндік шаралардың тиісті деңгейде сақталмай отырғандығын көрсетеді. Экономикалық қажеттілікке байланысты шағын және орта бизнестің кейбір салаларының қызметіне шектеулер алынып тасталды. Дегенмен бұл қауіпсіздік шараларын елемеуге болады дегенді білдірмейді», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ол карантин режимнің талаптарын барлығы сақтау керек екенін жеткізді. Алайда Тараз қаласы мен аудан орталықтарында көптеген тұрғындар бетперде тақпайды. Кейбір сауда орындары мен басқа да нысандарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптар орындалмай отырғаны сөз болды. Талас және Байзақ аудандарында бір жерде адамдардың көп жиналуына қатыс жағдайдың салдарынан вирус жұқтырғандар саны артқан.
«Ағымдағы жылдың 24 наурызынан 21 мамырына дейін аймақта коронавирустық инфекцияның 229 жағдайы тіркелген. Оның басым бөлігі Тараз қаласы мен Қордай және Байзақ аудандарында. Бұған дейін аурудың өңірімізге сырттан әкелу жағдайлары көбірек байқалса, соңғы кездері жергілікті тұрғындар арасында жұқтыру дерегі өсіп отыр», — деді әкім.
Мұндай оқиғалардың жоғары үлес салмағы облыс орталығында және Байзақ ауданында анықталған. 21 мамыр күнгі жағдайға сәйкес, облыс вирус жұқтыру көрсеткішінің өсу деңгейі тәулігіне 5,4 процентті, ал соңғы 7 күнде – 17,4%-ті құраған.
Отырыста тұрғындар тарапынан толассыз түскен өтініштерге байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін 25 мамырдан қайта бастау туралы шешім қабылданды. Ал, қоғамдық көлік қозғалысын қалпына келтіру мәселесі дүйсенбі күні өтетін кезекті штаб отырысында талқыланбақ.
Сондай-ақ, өз жұмысында жіберген кемшіліктері үшін Тараз қаласының, Талас және Байзақ аудандарының әкімдеріне сөгіс жарияланды. Сондай-ақ, осы бағытқа жетекшілік ететін Тараз қаласы әкімінің орынбасары қызметінен босатылғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, Қордай, Байзақ және Талас аудандары әкім орынбасарларының жеке жауапкершілігі қаралады.
sputniknews.kz