Санкт-Петербургтегі қарсылық акциясы кезінде 20-ға жуық адам ұсталды

0

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында сенбі, 10 тамызда өткен қарсылық акциясы кезінде полиция 20 шақты адамды ұстаған. Куәгерлер сөзіне сүйенген «Фонтанка» басылымының жазуынша, бір адамдық пикет жасаған алты адам ұсталған. Пикеттер қаладағы «Қонақтар сарайы» алдында өткен. Акция алдында оппозициялық саясаткер Алексей Навальный штабының Петербургтегі бөлімінің жетекшісі Александр Шуршев ұсталған. Кейінірек ұсталғандар саны 20-ға жеткен. Олардың арасында «Новая газета» тілшісі де болған.

Мәскеу қалалық дума сайлауына тәуелсіз кандидаттарды жібермеуіне байланысты қарсылық акциялары бүгін Ресейдің барлық өңірінде өтіп жатыр. Таяу Шығыс пен Сібірдегі шараларда полиция акциялардың өтуіне кедергі жасамаған.

Мәскеудегі академик Сахаров даңғылындағы рұқсат етілген митингі болмай тұрып полиция «Жемқорлықпен күрес» қорының заңгері Любовь Собольды ұстаған. Ол — қалалық сайлау комиссиясы тіркемеген тәуелсіз кандидаттардың бірі. Полицейлер «Навальный LIVE» арнасының студиясына басып кірген.

Мәскеуде шілде айынан бері тәуелсіз кандидаттарды қалалық дума сайлауына өткізбеуіне байланысты қарсылық акциялары жалғасып келеді.

27 шілде және 3 тамызда өткен акцияларға билік рұқсат етпеген. Наразылық кезінде бірнеше мың адам ұсталды. Полиция шерушілерге күш қолданды. 27 шілде күнгі акциядан соң Ресейдің тергеу комитеті «жаппай тәртіпсіздік» бойынша қылмыстық іс қозғады, 14 адамға айып тағылды.

Бұған дейін Мәскеудегі шерушілерді қолдап қазақстандық екі белсенді Нұр-Сұлтан мен Алматыда акция өткізген.

Мәскеу қалалық дума сайлауы 8 қыркүйекте өтеді.

Azattyq