Санкт-Петербургте «Путинге құлпытас қойған» екі белсенді ұсталды

0
124

Санкт-Петербургтегі Исакиев шіркеуінің маңында Ресей президенті Владимир Путинге құлпытас қойды деген күдікпен «Агит Россия» қозғалысының екі белсендісі ұсталды. Бұл туралы қозғалыс өзінің телеграмдағы каналында хабарлады.

«Санкт-Петербургте ұсталғандарға көмек» телеграм-каналының жазуынша, Григорий Кудрявцев пен Андрей Жексимбаев 3 сәуірде кешкісін ұсталған. Олар акция өткізу ережесін бұзу бабымен күдікке ілінген. Белсенділер 10 күнге дейін қамалуы мүмкін.

«Агит Россия» қозғалысының айтуынша, белсенділердің ұсталуына Петербургтегі акцияның қатысы жоқ. Олар «полиция қозғалыс мүшелерін қудалай бастады» дейді.

Путин бейнеленген құлыптас Петербургте 3 сәуірде пайда болды. Онда президенттің туған күні мен «қайтыс болған уақыты» ретінде 2019 жыл көрсетілген. Астында «Ресей халқын сатқан» деген жазу тұр.

Бұған дейін осыған ұқсас құлпытастар Мәскеу мен Татарстандағы Набережные Челны қаласында қойылған.

Челны қалалық соты 12 наурызда Ресей президенті Владимир Путиннің суреті бар құлпытас қойып, қабірге ұқсас инсталляция жасаған белсенді Карим Ямадаевты көпшілік акция өткізу не ұйымдастыру ережесін екінші мәрте бұзды деп танып, 28 күнге қамады.

Azattyq