Санкциядағы Ресей экспорты 6 миллард доллардан аса шығын тартқан

0
116

Ресейлік экспорттаушылар Батыстың экономикалық санкцияларынан 6 миллиард 300 миллион доллар шығынға батты. Бұл туралы Ресей экономикалық даму министрлігінің баяндамасына сілтеме жасаған «Интерфакс» агенттігі хабарлады.

Баяндамаға қарағанда, Еуропа одағы ресейлік тауарларға – 25, Украина – 22, Үндістан – 16, АҚШ 9 шектеу қойған. Ресей экономика министрлігі Вашингтон санкциясынан келген шығынды 1,1 миллиард долларға бағалайды. Ең көп шығынды Еуропа одағының санкциялары келтірген – шамамен 2,5 миллиард доллар.

Батыс санкцияларынан Ресейдің ең көп шығынға ұшыраған – металлургия (4 млрд доллар) мен ауыл шаруашылығы (шамамен 1 млрд доллар) салалары.

Соңғы бірнеше жылда Ресейге 62 ел санкция салған. 2018 жылдың соңындағы дерекке қарағанда, ресейлік тауарларға қарсы барлығы 159 шектеу шарасы қабылданған.

Азаттық