«Сандырақ» vs «қылмыстық жоспар». Бұрынғы вице-министр сотындағы мәлімдеме
«Қарағанды облысындағы Саран қаласына есептеу құрылғыларын орнату кезінде ақша жымқыру» ісі бойынша соттың қаңтардың 14-і күнгі отырысында прокурорлар айыптау актісін оқыды. Айыптаушы тарап бұрынғы шенеунік Анатолий Шкарупа мен тағы үш адамды «орталық жылыту жүйесі жоқ Саран қаласының көпқабатты тұрғын үйлеріне жылу есептеу құрылғыларын орнатуға бөлінген ақшаның бір бөлігін жымқырған» деп есептейді. Айыпталушылар қатарында Шкарупамен бірге ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиев пен «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайсар Байдалы бар. Олар өздеріне тағылған айыппен келіспейді.
Қайсар Байдалы мен Анатолий Шкарупа қамауда отыр. Ерлан Нәбиев денсаулығына байланысты үйқамақта. Олардың бәріне «Алдын-ала келісіп әрі топтасып ірі көлемде өзгенің сеніп тапсырған мүлкін жымқыру, өзіне меншіктеп, шығын келтіру» бабы бойынша айып тағылған. Жәбірленуші тарап ретінде «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» компаниясының жалғыз акционері — «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау және дамытудың қазақстандық орталығы» мемлекеттік мекемесі көрсетілген.
ШКАРУПА: «СОТСЫЗ, ТЕРГЕУСІЗ» АЙЫПТАДЫ
Сот процесі ақпарат құралдарының назарына ілігіп, отырысқа бірқатар басылымның журналистері келді. Тілшілерді айыпталушылар қатарындағы 44 жастағы Анатолий Шкарупаның тұтқындалғанға дейін энергетика вице-министрі болғаны қызықтырса керек. Шенеунік вице-министр қызметін бір ай ғана атқарған. Министрлікке келгенге дейін Шкарупа Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Саран қаласының әкімі, қазіргі соттағы жәбірленуші тарап «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау және дамытудың қазақстандық орталығы» мекемесінің басшысы лауазымында және монополияға қарсы комитетте әртүрлі қызметте болған. Оған Саран өаласы әкім қызметінде болған кезде ақша жымқырған деген айып тағылып отыр.
Шкарупаның мемлекеттік қызметте тасы өрге домалап келе жатқан еді. 2018 жылы қарашада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сол кездегі бас прокурор Қайрат Қожамжаров «Анатолий Шкарупа 215 миллион теңгені жымқыруға қатысқан» деген ашық мәлімдеме жасады. 2015 жылы есептеу құрылғылары орталық жылыту жүйесіне қосылмаған көпқабатты үйлердің бос қабырғасына орнатылғаны, ал ол кезде қала әкімі Шкарупа болғаны айтылды. Бір жарым аптадан кейін шенеунік ұсталды. Анатолий Шкарупа сотта «Қожамжаровтың мәлімдемесі тергеу барысына тікелей әсер еткенін» айтты.
– Мені Қауіпсіздік кеңесінде бүкіл қоғам мен президент алдында 215 миллион теңгені жымқырды деп айыптады. Сотсыз әрі тергеусіз. Бас прокурор өзін соттың орнына қойып, заңды бұзу арқылы өз құзыретін асыра пайдаланды. Ол тергеу барысына қысым көрсетті. Бұл іс материалдарында көрсетілген. Онда тергеушілер мен облыстық прокуратура өкілдері істің бас прокуратура басшылығының жеке бақылауында екеніне сілтеме жасап отырған, – деді сот залында сөз алған Шкарупа.
Тергеудің мәлімдеуінше, ENERCO компаниясының басшысы Ерлан Нәбиев мемлекеттің «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» компаниясына тұрғын үйлерге жылу есептеу құрылғыларын орнатуға ақша бөлінетінін естіп, 2015 жылдың басында «қылмыстық жолмен заңсыз баюға» бел буған. Ол бұл ойын Анатолий Шкарупаға «айтқан». Прокурор Нұрсұлтан Тамабаев келтірген нұсқаға сәйкес, Шкарупа «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту қорына» заңсыз тапсырыс беріп, қаржылық лизинг бойынша заңсыз келісім жасасып, құрылғыларды қабылдап-жеткізу актілеріне сервистік қызмет көрсету мен тексеру жұмыстарын жүргізбестен қол қойып, «ауыр жемқорлық қылмысқа» барған.
43 жастағы Ерлан Нәбиев сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Ол Саран қаласында өзінің авторлық жобасы бойынша дайындалған 274 жылу есептеу құрылғысы қойылғанын, шамамен үш мың құрылғы басқа қалаларда орнатылғанын айтты.
– Маған «қалада қазандық салынып бітпейтінін біле тұра есептеу желілерін Саранға әдейі жеткізді» деген айып тағылып отыр. Сандырақ қой! Монтаж бен сынақтан өткізу жұмыстарын жүргіздім. Бұл 274 құрылғы маған еш қатысы жоқ қазандықтың құрылысы аяқталмағаны үшін, мердігер міндеттемелерін орындамағаны үшін іске қосылмай қалды. Мен мердігердің түсініктемесін көрдім. Ол мені қамауға алмаса, әлдеқашан қазандық құрылысын аяқтар едім деп отыр. Менен де соны күте ме? Жақында облыс әкімі қазандық іске қосылады деп айтты. Демек есептеу құрылғылары да жұмыс істейтін болады. Құрылғылар орнатылған, тексеруден өткен. Жылу жіберіп, құбырларды жалғап, біздің құрылғыларымызды іске қосса болды, басқа еш мәселе жоқ, – деді сотта Ерлан Нәбиев.
Ерлан Нәбиевтің адвокаты Хамида Айтқалиева сотта өз қорғауындағы азаматқа қысым көрсетілгенін, түсініктеме «қорқыту мен бопсалау» жолымен алынғанын, тұтқынға қатысты заңсыз әдістер қолданылғанын айтып, қазір БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне арыз дайындап жатқанын мәлімдеді.
ҚАНША СОМА «ЖЫМҚЫРЫЛҒАН»?
Айыптаушы тарап Шкарупа мен Нәбиев Саран қаласында жылу энергиясын есептеу құрылғысына бюджет қарастырылмағанын және орталық қазандық құрылысының аяқталмайтынын біле тұра, «қылмыстық жоспар құрған» деп есептейді. Олар ойлағанын жүзеге асыру үшін іске үшінші адам —«Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Байдалыны «тартқан».
Айыптау актісіне сай, Қайсар Байдалы жұмыс істемейтін «Сараньтеплосервис» кәсіпорнына монтаж жұмыстары мен құрылғыны сынақтан өткізбей және іске қосу туралы акті жасалмай тұрып ақша аудару, ENERCO компаниясымен жоғары бағада қаржылық лизинг жасасу тапсырылған.
Айыптаушы тараптың нұсқасына сәйкес, «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» ENERCO компаниясының шотына 215 миллион 89 мың 979 теңге аударған. Қаржыны алған ENERCO 274 есептеу құрылғысын жұмыс істемейтін «Сараньтеплосервис» кәсіпорнына жеткізуі тиіс болған. Ал Нәбиев есептеу құрылғыларын 78 миллион теңгеге сатып алған. 32 миллион теңгеден астам ақша қор шотына кепілдік қызмет көрсету жарнасы есебінде жіберілген. Ал қаржының қалған бөлігі – 104 миллион теңгеден астам ақша (қазіргі валюта бағамы бойынша шамамен 270 мың доллар) – жымқырылған. Бұл 2018 жылы Қожамжаров атаған сомадан 114 миллион теңгеге кем.
– Тексеру нәтижесінде бұл ақшаны фирма айналымынан заңсыз шығару немесе шешіп алудың бірде-бір фактісі тіркелген жоқ. Тергеу ақша жымқыру әдісін де анықтамады. Ал бұл бап бойынша айып тағу үшін ақша жымқыру әдісі міндетті түрде көрсетілуі керек. Істе ағам Қайсарға тағылған айыпта көрсетілген заңбұзушылықтар қалай жүзеге асырылғаны туралы да дерек жоқ, – деді сотта сөз алған Қанат Байдалы (айыпталушы Қайсар Байдалының інісі).
Айыптаушы тарап және судьямен сөз жарыстырған айыпталушылар ақша жымқыру фактісі болмағанынын, жылу энергиясын есептеу құрылғылары қойылғанын, олар іске қосылу үшін Саранда орталық қазандықтың құрылысы аяқталуы керегін айтады.
Анатолий Шкарупа өзін қамауда ұстауды заңсыз деп, тағылған айыпты «ақылға сыймайды» деп сипаттады. Сот Шкарупаның осыған дейін берген өтініштерінің біразын қанағаттандырмай, жартысына нақты жауап берген жоқ. Шкарупа судья Жанат Егембердиеваның «істің нәтижесіне байланысты жеке қызығушылығы барын» айтып, судьяны ауыстыруды сұраған. Бірақ айыпталушының бұл өтініші қанағаттандырылған жоқ. Сот процесі жалғасып жатыр. Қаңтардың 15-і күні сотта айыптаушы тараптың куәгерлері жауап берді.
Анатолий Шкарупа 2018 жылы жемқорлық айыбы тағылған үшінші энергетика вице-министрі болды. Оған дейін ақша жымқыру бабы бойынша вице-министрлер Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиевке де айып тағылған.
Қазақстан билігі жемқорлыққа қарсы күрес шараларын қабылдағаны туралы мәлімдеме жасаған. Елде жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнаулы заң бар, билік жемқорлыққа қарсы әртүрлі бағдарламалар жүзеге асқанын айтады. Сарапшылар жемқорлыққа қарсы күрес элитараалық қақтығысқа көбірек ұқсайды және декларативті сипатқа ғана ие деген пікір білдірген. Жыл сайын Transparency International халықаралық ұйымы дайындайтын жемқорлықты қабылдау индексінде (CPI) Қазақстан көп жылдан бері жемқорлық жиі тіркелетін елдер қатарында қалып отыр. Берлинде орналасқан ұйымның өткен жылғы зерттеуінде Қазақстан 124-орында тұр.