Санақ-2019: дерек пен дәйек
Осыншама бюджет қаржысын шығындап, ұлттық санақ жүргізудің қаншалықты қажеті бар? Жалпы, он жылда бір рет өткізілетін халық санағының мәні мен мазмұны неде? Өркениетті дәстүрлерге ден қойған ашық қоғамда мұндай сұрақтардың туындауы заңдылық. Халық санағын жүргізу – өте күрделі, көп еңбек сіңіруді және мол қаржы шығындауды қажет ететін ауқымды шара екендігі анық. Бірақ ертеңін ойлаған өрісті ел үшін бұл – міндетті әлеуметтік, экономикалық және тарихи үрдіс. Санақ қорытындысы өткен он жыл ішінде елде болған демографиялық, мәдени-әлеуметтік, экономикалық және басқа да қоғамдық өлшемдердің даму дәрежесін көрсетеді. Ұлттық санақ кейбіреулер ойлағандай, демографиялық ахуалды ғана емес, сонымен бірге адами ресурстардың деңгейін, азаматтардың білімін, денсаулығын, тұрмыстық ахуалын, мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетін айқындайды. Яғни, ұлттық санақ тәуелсіз Қазақстан дамуындағы онжылдық белесінің айнасы.
Еліміздің ғасырлық шежіресіндегі халық санақтарының тарихына тоқталатын болсақ, халқымыз бір ғасырда, яғни ХХ ғасырдың өзінде ғана бірнеше рет демографиялық қасіретті басынан өткерген екен. Қарымды қаламгер Мекемтас Мырзахметов өзінің «Жалын» журналында жарық көрген «Халық санағы: өсу мен өшу» атты мақаласында: «Қазақстан тарихында 1897 жыл мен 2009 жылдар аралығында он бір рет халық санағы өткізілген болатын… 1897 жылғы халық санағында қазақтар жайлаған ұлан-байтақ жерлер тұтас қамтылмаған еді. Әрине шекараның ар жағындағы қытай, моңғол қазақтары да есепке түспей қалған болатын. Осының өзінде Ресей қол астындағы қазақтардың саны – 3 млн 786 мың адам деп көрсетілсе, 1911 жылғы санақта – 4 млн 692 мың қазақ болды. Яғни, 15 жылда қазақтар 905 000 адамға көбейген. 1916 жылы
6 миллион болған қазақ өсіп, өркендеудің орнына 1940 жылы
1 млн 900 мыңға дейін құлдырап, 3 еседен аса азайған. Ал бұл кезде көршілес отырған қырғыз, түрікпен, тәжік, ұйғырлар 5 еседен, өзбектер 12 есеге дейін көбейіп, үнемі өсіп, өрлеу жолында болған. Бұл халықтардың бәрі де бір саяси жүйеде, бір мемлекет ішінде өмір сүрді. Бірақ қазақтар елден ерекше өсудің орнына өшіп, азайып, саны жағынан төмен қарай құлдырап отырған».
Міне, осы шағын үзіндіден-ақ жиырмасыншы ғасырда қазақ халқының басынан өткен қасіреттің қаншалықты ауыр болғанын анық көруге болады. Алайда ғасырлармен жасасқан қазақ халқы қатал заман соққысы қаншама есеңгіретсе де құламады. Сүрініп барып қайта тұрып, өзінің мәңгілігін тағы да паш етті. Осы ретте ерекше атап өтетін бір мәселе, соғыстан кейінгі жылдардағы қазақтардың табиғи өсу деңгейі өте жоғары болды. Мәселен, 1940 жылы Одақ бойынша табиғи өсім әрбір 1000 адамға шаққанда, 13,2 промил, Қазақстанда 19,4 промил болса, 1957 жылы республикамыздағы табиғи өсім 31,4 промилге жетті. Ал 1958 жылы республикамыздағы қазақ ұлтының табиғи өсімі әрбір мың адамға шаққанда 42 промилді құрап, 1960 жылдардағы «демографиялық дүмпудің» негізі болды. Соғыстан кейін бас-аяғы 20 жылдың ішінде қазақ халқының өсімі 3,5 миллиондық межеге қайта көтерілді. Ал 1989 жылғы халық санағының қорытындысында республикамыздағы қазақтардың саны 6 миллион 535 мың, одақтас республикаларда 1 миллион 670 мың, шетелдерде
1 миллион 535 мың адамды құрап, қазақ халқы өзінің өсу тарихында тұңғыш рет 10 миллиондық межеге жетті. Көп ұзамай азаттықтың арайлы ақ таңы атып, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізді. Енді мемлекетіміздің демографиялық саясатында түбегейлі бетбұрыс жасалып, егемен елімізде, төл жерімізде ұлтымыздың табиғи өсімінің еселей өсетінін күткен-ақ едік. Өкінішке қарай, ширек ғасырдан асқан тәуелсіздік кезеңінде бірде-бір рет 1960-жылдардағыдай «демографиялық дүмпу» болмады.
Қазақстан әлемдегі халық ең аз орналасқан ел болып саналады. Қазір еліміздегі бір шаршы шақырым жерде тұратындар саны орта есеппен сегіз адамнан айналады екен. Ендеше Қазақ елі үшін демографиялық өсімнің үлкен геосаяси мәні бар. Халқы сирек Ұлы далаға көз алартушылар төрт бұрышымызда да аз емес. Сондықтан өткенімізді саралап, болашағымызды байыппен бағдарлап, Ұлы даламыздың төрт құбыласына түгел мамыражай жазиралы ел қоныстандыру үшін де бізге жалпыұлттық халық санағының маңызы зор.
Тағы да нақты цифрларға жүгінейік. 2009 жылғы жалпыұлттық халық санағының дерегін жариялаған Статистика агенттігі еліміздегі халық саны 16 миллион 96 мың адамға жеткенін және 1999 жылдан бері бұл көрсеткіш 6,9 пайызға артып, қазақстандықтардың саны 1 миллион 28 мың адамға көбейгенін мәлімдеді. (1989 жылғы санақ бойынша еліміздің тұрғындары 16 464 464 адамды құраған болатын.) Статистика агенттігінің соңғы дерегі бойынша қазіргі таңда, яғни 2018 жылғы 1 қарашадағы дерекке сәйкес, республикамыздағы халық саны 18 млн 356,9 мың адамды құраған көрінеді. 2009 жылғы санақ мәліметі бойынша, республикамыздағы «қазақтардың үлесі 67 пайызға жетті» деген дерек жарияланды. Артынан бұл цифр 63 пайызға түсірілді. Жалпы 2009 жылғы жалпыұлттық халық санағы тиісті дәрежеде өткізілмеді. Тіпті бұл ұлттық санақ шарасын қайтадан өткізу керек деген пікірлер де болды. Кейіннен анықталғандай, 2009 жылғы республикалық жалпыұлттық халық санағын өткізуге бөлінген 1 миллиард 144 миллион мемлекет қаржысы талан-таражға салынып, ұлттық санақты өткізуге жауапты бірқатар мемлекеттік лауазымды қызметкерлер жауапқа тартылды. Ұлттық санақта келтірілген статистикалық деректердің басым бөлігі жарамсыз болып шықты. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан тәуелсіз мемлекетіміздің онжылдық мерзімге белгіленетін әлеуметтік-экономикалық, өндірістік, демографиялық даму жобаларына зор нұқсан келтірілді.
Міне, 2019 жылы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші жалпыұлттық халық санағы өткізілгелі отыр. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, өткен санақта жіберілген қателіктерден сабақ алып, алда тұрған ұлттық санақты жоғары дәрежеде өткізу – бір ғана министрлік пен санақ жүргізуші интервьюерлердің ғана міндеті емес, бұл болашағына бейжай қарамайтын еліміздің әрбір саналы азаматының ұлттық парызы.
Сонымен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші жалпыұлттық халық санағы 2019 жылдың қараша айында өткізіледі. Бұл санақтың ерекшелігі – тұңғыш рет халық санағы цифрлы технология бойынша инновациялық негізде жүргізілмек. Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленовтің айтуынша, бұл реттегі негізгі жаңашылдық санақ жүргізу жұмыстарын толық компьютерлендіру болып отыр. Яғни, арнайы интернет-портал ашылып, сол ақпарат көзіне азаматтар өздері туралы мәліметті интернет арқылы жолдайтын болады. «Әрине үй-үйді аралап, тіркеу жүйесі де қалады. Себебі барлық адамдар интернет арқылы тіркелмеуі мүмкін. Бірақ біздің ойымызша, ең басты артықшылық – цифрлы технологияны қолдану болмақ», деп атап көрсетті бірінші вице-министр. Ендеше цифрлы технология негізінде өткізілетін ұлттық санақтың ашық та дәйекті болатындығына сенім зор.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/