«Санап алыңыздар»: Аймағамбетов депутаттардың пікірімен келіспеді
Қысқа сілтеме алу
2021 жылдан бастап Қазақстан он екі жылдық білім беру жүйесіне көшеді. Министрдің айтуынша, оқушылар мектепті 17 жасында бітіреді
НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов он екі жылдық білімге көшкеннен кейін оқушылар мектепті неше жаста бітіретінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістегі үкімет сағатында депутат Сергей Симонов министрден 12 жылдық білім беру жүйесіне ауысқаннан кейін, балалар мектепке неше жастан қабылданатынын сұрады.
«Мен мұны неге сұрап отырмын? Біріншіден, егер бала алты жастан барса, онда 12 жыл оқып, мектепті 18 жасында бітіреді. Ал елімізде 18 жастан бастап әскерге шақыратынын білесіздер. Сонда олар мектептен түлеп ұшқаннан кейін әскерге баруы керек пе, жоқ әлде жоғары оқу орнына түсуі керек пе?», — деді депутат.
Аймағамбетов мұның бәрі білім туралы заңмен реттелетінін атап өтті. Бірнеше жыл бұрын қабылданған заңда балалар мектепке алты жастан барады делінген.
«Қазір балалардың 80 проценттен астамы мектепке 6 жастан барады. Біртіндеп бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. 6 жастан барғандар он екі жылдық мектепті 17 жасында бітіреді. Жеті жастан барып, он бір жыл оқығандар да солай. Яғни, өзгерген ештеңе жоқ», — деді министр.
Айтуынша, егер 17 жаста мектеп бітірген түлек жоғары оқу орнына түссе, онда әскерге кейін шақырылады.
«Қазір жеті жастан мектепке баратындар 18-де емес, 17 жаста бітіреді. Солай ғой. Ал алты жастан барса, он екі жыл оқып, 17 жаста тәмамдайды. Санап алыңыздар», — деді Аймағамбетов депутаттарға.
Алайда депутат Симонов министрмен келіспеді.
«Менің үлкен балам мектепке алты жастан барып, 17 жаста аяқтады. Ал сыныптастарының көбі жеті жаста қабылданды, ал мектеп бітіргенде 18, кейбірі 19 жаста болды. Егер түлек екі ай ішінде жоғары оқу орнына түспесе, автоматты түрде әскерге шақырылады. Оның үстіне, біздегі білім жүйесі 11-сыныпты тәмамдаған оқушыға университетке бірден түсуге мүмкіндік бермейді. Олар репетитор жалдап, үйде қосымша дайындалуы керек. Сіздер осы жағын ойлаңыздар», — деп кеңес берді мәжілісмен.
«Бұл сіздің пікіріңіз. Біз бұл пікірмен келіспейміз», — деп қысқа қайырды білім министрі.
sputniknews.kz