Саматбек Ізімғали әлем чемпионы атанды
НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Болгарияның София қаласында кадеттер арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында ақтөбелік Саматбек Ізімғали алтыннан алқа тақты. Осылайша, қазақстандық кадет араға бес жыл салып әлем чемпионы атанып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
17 жастағы Ізімғали 45 келіге дейінгі салмақта күресіп жүр. Алғашқы айналымда ол Еуропа чемпионы Фарид Садихлимен кездесті. Қазақ палуаны еркін қимылдап, бірінші болып әдісті іске асыра білді. Өзі бірде-бір рет қарсыластың айласына түскен жоқ. Төрешінің бір ескертуі болмағанда Саматбек әзірбайжандыққа ұпай бермейтін еді. Қорытынды есеп — 15:4.
Ал келесі жекпе-жекте Ізімғали үндістандық Харшуды 9:0-мен жеңді.
Осыдан кейін жартылай финалда ирандық Махди Ахади Зенабты да айқын басымдықпен ұтты. Есеп – 7:0.
Финалда қазақстандық палуан өзбек Асадбек Бахромовқа қарсы шықты. Жекпе-жек бір минуттың ішінде аяқталды. Саматбек өз қарсыласын таза жеңіспен ұтты.
Айта кетейік, бұл чемпионатта қазақстандық кадеттер тағы екі қола медаль иеленген. Олар – Ербол Қамалиев пен Мақсат Сайлау. Ал Саматбек Ізімғали араға бес жыл салып кадеттердің қоржынына алтын медаль салып отыр. Осыдан бір ай бұрын ол Нұр-Cұлтанда өткен Азия чемпионатында топ жарған болатын. Жас қазақ палуанының бапкері – Жарқын Тұрсынов.
sputniknews.kz