Самат Әбіштің шартты жазамен құтылуы қаншалықты заңды

0

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбішке шартты жазаның кесілуі заңды ма? Мәжіліс кулуарында журналистер Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллинаға осы сұрақты қойды, деп хабарлайды Kznews.kz.

Рахметуллина не дейді

– Қылмыстық кодекстің 63-бабында шартты соттау жазасы қолданылмайтын қылмыстар тізбесі бар.  Бұл жемқорлық қылмыстар және тағы басқа бірнеше қылмыс түрі бар. Ал шартты шартты соттау жазасын қолдануға негіз бар ма, жоқ па дегенді  ондай шараға тыйым болмаған жағдайда әр нақты жағдай бойынша сот шешеді», — дейді Рахметуллина.

Жаза қаншалықты әділетті деген сұраққа жауап берген Назгүл Рахметуллинаның айтуынша, мұндай жаза елде айтарлықтай жиі қолданылатынын айтады.,

– Шартты жаза іс жүзінде жиі қолданылады. Өйткені заңның арнайы бабы бар. Соттың ол жазаны қолданбауға құқығы жоқ. Тағы қайталап айтамын, шартты жаза қолданылмайтын қылмыстардың тізбесі бар. Ол – аса ауыр қылмыстар, 12 жылдан жоғары бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған қылмыстар, жемқорлық қылмыстар және тағы басқалар.  Ондай тыйым болмаса, сот әр жағдайдың мәніне қарай шешім қабылдайды. Яғни, адам бұрын сотталған ба, мінездемесі қандай, қылмысымен келтірген шығынды өтеді ме деген сияқты сұрақтар ескеріледі» — деді Жоғарғы сот өкілі.

Самат Әбішке үкім

Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш кінәлі деп танылып, Қаңтар оқиғалары туралы іс бойынша шартты үкіммен сотталды.

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу жүргізілген. Осы баптың санкциясы бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сондай-ақ, жаза мүлікті тәркілеуді және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруды қамтуы мүмкін.