Самарқанд билігі қымбат көлік иелерін фестивальде тегін жұмыс істеуге мәжбүрледі
Өзбекстанның Самарқанд облысының басшылығы Malibu-2 және Captiva автокөліктерінің иелері «Шарк тароналари» фестивалі кезінде қонақтарға тегін қызмет көрсетуге міндеттеді. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.
Шығыс әуендеріне арналған сестиваль 23-30 тамыз аралығында өтеді.
Жергілікті тұрғындардың бірі бұған наразылық білдірді. «Бір апта бойы 30 мың доллар тұратын қымбат көлікпен қонақтарға тегін қызмет көрсетуім керек. Маған бұл ұнамайды» деді ол.
Жергілікті блогерлердің бірі Мирзо Субхоновтың хабарлауынша, 22 шілдеде облыс басшысы «ұйымдар мен заңды тұлғаларға тиесілі қымбат автокөліктерді тегін пайдалану туралы» №07-01/135 қаулы қабылдаған. Блогердің айтуынша, бір апта бойы жергілікті тұрғындардың Malibu-2 және Captiva автокөліктерін тегін пайдалану қарастырылған.
«Бірақ фестиваль қонақтарын күтіп алуға ақша бөлінген, тұрғындарды оған мәжбүрлеуге болмайды» деді блогер.
Дәстүрлі «Шарк тароналари» халықаралық музыка фестивалінің ашылу салтанатына ЮНЕСКО-ның бас директоры Одре Азуле қатысады. Бұл фестиваль 1997 жылдан бері екі жылда бір рет өтеді.