САЛЫҚ МӘСЕЛЕсІ ШЕШІЛДІ | «Айқын» газеті
Палата cпикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Түркістан мен Шымкенттің жаңа мәртебесіне қатысты құжатты – «Кейбір конституциялық заңдарға Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» жаңа конституциялық заң жобасын ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады.
Заң жобасы Елбасы Жарлығын орындау мақсатында әзірленген. Жарлыққа сәйкес, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізілді. Шымкент қаласы енді Астана мен Алматы қатарлы «республикалық маңызы бар қала» санатына жатқызылды, ал ОҚО атауы «Түркістан облысы» деп өзгертіліп, оның әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына көшірілді. Сондай-ақ Шымкентке жаңа мәртебесіне сай салық салуға, бірақ бұл ретте оған «өтпелі кезең» беруге қатысты Салық кодексіне тиісті түзетулер енгізілді.
Сонымен қатар осы жиында депутаттар бірқатар халықаралық келісімдерді ратификациялайтын заң жобаларын да құптап, Жоғарғы палатаға ұзатты. Атап айтқанда, Қазақстан мен Хорватия үкіметтері арасындағы «Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымы соңғы он жылда, яғни 2008-2018 жылдар аралығында 1,4 миллиард долларды құрады. Қазақстан мен Хорватия арасындағы өзара сауда көлемі 2017 жылы едәуір ұлғайып, 317 млн долларға жеткен. Оның ішінде біздің өткізген экспортымыз – 304 млн доллар, ал импорт 13 млн доллар болды. Тауарайналым ауқымының артуы Қазақстанның бұл елге мұнай өнімдерін көптеп жеткізе бастауымен байланысты. Салыстыру үшін айтсақ, 2016 жылы жалпы сауда айналымы небәрі 38,5 млн доллар межесіне әзер шықты.
Өзара алыс-берістің артуы соған тартылған кәсіпкерлерімізді қорғау мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Еліміз хорваттарға негізінен, мұнай өнімдері мен алюминий сатады. Ал ол елден таситын импорт құрылымында фармацевтика өнімдері, косметикалық заттар, тоқыма өнімдері басымдыққа ие.
Қос мемлекет арасында бекітіліп отырған келісім ЭЫДҰ-ның модельдік конвенциясының негізінде жасалған. Осындай халықаралық шарттар шетелдік инвесторлар үшін кепілдік рөлін атқарады әрі салық салу құқығын екі мемлекет арасында әділетті бөлісуге жол ашады.
– Келісім келесі мақсаттарды көздейді. Біріншіден, алдағы уақытта салықтың барлық түрлері бойынша ақпарат алмасуды қамтамасыз етіп, екі елдің салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайтпақ. Екіншіден, резиденттікті анықтау бойынша екі мемлекетте бірдей қолданылатын тәртіпті белгілейді. Үшіншіден, дивидендтер, пайыздар, роялти сияқты пассивті табыстарға шекті ставкаларды бекітеді. Төртіншіден, мемлекеттеріміздің құзыретті органдары арасындағы салықтық дауларды шешу үшін құқықтық негіз қалыптастырады, – деді бас қаржыгер.
Депутаттар осыған «мақұл!» деді. Олар бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы «Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай – Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімді» ратификациялайтын заң жобасын құптады.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің түсіндіруінше, 2016 жылғы желтоқсанда Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының уағдаластықтары аясында KAZAKH INVEST пен қытайлық «Жібек жолы қоры» (ЖЖҚ) арасында бірлескен жобаларға инвестициялау үшін 2 миллиард доллар болатын қор құрылды.
– Қазіргі уақытта ол – Қазақстанға инвестиция салатын ірі инвестициялық қорлардың бірі. Жалпы, Қазақстан ЖЖҚ-мен ынтымақтасудың оң тәжірибесіне ие. Ол қор «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының жарғылық капиталына кірді, үлесі 5%. Жалпы капиталдандыру сомасы 55 млрд долларды құрайтын «Жібек жолы қоры» – көлемі жағынан Қытайдағы ең ірі қор. Сол себепті, оның АХҚО биржасына акционер ретінде қатысуы Қытайдан ірі инвесторларды тартуға ықпал етуге тиіс, – деді министр.
Қазақстан аумағындағы жобалардың негізгі капиталына тартылатын инвестицияның ықтимал көлемінің үлкен болатыны ескеріліп, екі елдің бірлескен қорын дивидендтерге салынатын салықтан босату туралы шешім қабылданған. Бұл келісімді Қытай ратификациялап болыпты.
Қазақстан бұған дейін дәл осылай Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкі секілді халықаралық қаржы институттарын және елордадағы «Абу-Даби Плаза» секілді жеке жобаларды да салықтан босатқан.
Жалпы, отырыс соңында депутаттар орталық мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал жолдады.
Айхан ШӘРІП