Салық комитеті Грузия мен Әзербайжаннан көлік алғысы келетіндерге үндеу жасады

0
87

Қазақстанға көліктерді, негізінен, Грузия мен Әзірбайжан азаматтары әкеледі. Мұндай көлік құралдары кейін ел азаматтарының «иелігіне» беріледі. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кеден аумағына үшінші елдерден уақытша әкелінген көлік құралдары шетелдік тауар саналады және кедендік бақылауда болады.

«МКК уақытша әкелінген көлік құралдарын сатып алуға және Қазақстан аумағында пайдалануға тек кедендік тазартудан соң және сәйкесінше тиесілі кедендік алымдар мен салықтарды төлеген соң ғана қолдануға болатынын ескертеді», — делінген хабарламада.

МКК мәліметінше, шет ел азаматтары көлік құралдарын әкелгеннен соң Қазақстан аумағынан белгілі бір уақытта кетіп қалатыны байқалған.

«Яғни, ЕАЭО аумағына автокөлік құралдары әкелінгенде, Қазақстан азаматына беру мақсатында келген деп болжанады. Уақытша әкелу мерзімі аяқталғаннан кейін (бұл 1 жыл) автокөлік құралдары ЕАЭО аумағынан шығып кетуі қажет. Егер шығып кетпесе, ЕАЭО-тың қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылады», делінген МКК хабарламасында.

Қазіргі уақытта 116 автокөлік құралы ұсталып, уақытша сақтау қоймаларына орналастырылған.

«Сіз сатып алғалы жатқан автокөлігіңіздің шығу тегі немесе заңдылығы күдік туғызатын болса, онда Қазақстанда кедендік тазартудан өткені және тиесілі кедендік алымдар мен салықтар төлегені туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарынан білуге болады. Ол үшін комитетке (87172 71 77 24) немесе тұрғылықты жердегі Мемлекеттік кірістер департаментіне, сонымен қатар ҚР ҚМ МКК байланыс орталығына хабарласуға болады», — деді МКК өкілдері.