Салтанат Нүкенованың ағасы: «Бишімбаевтар әулеті ұлын қорғаштай бастады»

0

Салтанат Нүкенованың ағасы, Павлодардың экс-әкімі Қайрат Нүкенов қылмысты тергеп-тексеру әділ боларына сенбейтінін жеткізді. Ол Болат Аманбаевқа берген сұхбатында үш күнде үш тергеуші ауысқанын айтты, хабарлайды КАZ.NUR.KZ журналистің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.

Сұхбатта Павлодар қаласының экс-әкімі Қайрат Нүкенов қарындасының жарқын адам болғанын, ешкімге тәуелді болмай, тек алға ұмтылғанын айтты. Оның айтуынша, Нүкеновтер отбасы Бишімбаевты қанішер, қылмыскер деп санайды. «Таңнан өлімші етіп сабап, кешке дейін жан тәсілім еткенін күткен. Оқиға болған жердегі бейнежазбаның көзін құртудағы мақсат — қылмысын жасырмақшы болған. Мұны Қуандық Бишімбаев жалғыз емес, жанындағы адамдардың көмегімен іске асырған. Үш күнде үш тергеуші ауысты», — дейді Салтанат Нүкенованың ағасы.

Сонымен қатар Қайрат Нүкенов желіде кей блогерлер ақша үшін Бишімбаевты жақтап жатқанын да жеткізді. Оның айтуынша, Бишімбаев тарапы қылмысты жарсыру үшін әртүрлі әрекетке барып жатыр. «Қылмысты тергеп-тексеру әділ боларына сенім жоқ. Біздің тараптан Бишімбаевтарға кешірім жасалған жоқ. Қылмыскерді кешірмейміз! Жантүршігерлік қылмысқа қатысты жалған ақпарат таратылып жатыр. Салтанатты қаралау арқылы қоғамда теріс пікір қалыптастырып, Бишімбаевты ақтау басталып кетіпті. Қылмыскердің айуандығын дәлелдеу үшін мәйіттің фото, видеосын жариялау — соңғы амал», — дейді Қайрат Нүкенов. Қайрат Нүкеновтың сөзінше, жерлеудің алдында мәйітті жуындырғандар әйелдің денесіндегі жарақатты, соққының іздерін көріп қорқып кеткен. Салтанат Нүкенованың ағасы тек Бишімбавты емес, оның жақтастарын да соттау керек дейді.