Салтанат Нүкеноваға медициналық көмек көрсетілсе де аман алып қалу екіталай еді – Сот-медициналық сарапшы

0

Сотта жауап алу кезінде сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров Салтанат Нүкеноваға медициналық көмек уақытылы көрсетілген жағдайда да оның жарақатынан аман алып қалу екіталай болғанын айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Маманның айтуынша марқұмның бас-ми жарақатында қан өте көп мөлшерде жиналған.

«Жарақат тек субдуральды гематомамен бірге жүретін жағдайлар болады. Уақтылы медициналық көмек көрсету кезінде дәрігерлер трепанация жасап, сұйықтықты алып, қан кетуді тоқтатады. Иә, ондай жағдайда науқастарды құтқаруға болады. Алайда дәл осы жағдайда марқұмның ми қуысында, жұмсақ ми қабығының астында қан кетудің күрделі кешені бар. Сондықтан, мамандардың пікірін ескерсек, мұнда құтқаруға мүмкіндіктер өте аз. Мүмкін қандай да бір мүмкіндік болған шығар, бірақ бұл екіталай еді», – деді Тахир Халимназаров.

Маман сонымен қатар Салтанат Нукеновадағы субдуральды гематоманың көлемі 230 мл болғанын жеткізді. Айтуынша бұл өлімге әкелетін көрсеткіш. Өйткені 50-60 мл қанның жиналуы адам өміріне қауіп төндіреді екен.

Бұған дейін сотта Бишімбаев Салтанатты тек бетінен шапалақпен ұрғанын айтып ақталған еді. Осыған байланысты Әлия Омарова маманнан шапалақпен ұру мен жұдырық соққысың қайсысы болғанын сұрады.

«Әрине, егер салмағы 90-100 келі болатын адам соққы берсе, онда 40-50 келі адам үшін бұл жай шапалақ емес, үлкен жарақат. Жарақат ұрып-соғатын адамның параметрлеріне, соққы күшіне байланысты. Бірақ шапалақ – бәрібір соққы. Егер нәзік қыз біреуді ұрса, мұндай кезде шапалақ деп айтуға болады. Ал шапалақпен күшпен ұрған кезде, адам тіпті есін жоғалтады. Сондықтан мұны тіпті кішігірім соққы деп айтуға болмайды», – деді сарапшы.

Халимназаров Салтанат Нүкенованың мәйітін тексеру кезінде қатаю сипатталатынын атап өтті. Осыны ескере отырып, сарапшылар тексеру кезінде Салтанат Нүкенова қайтыс болғаннан 6-8 сағат өткенін айтты.

Еске салсақ, бұған дейін сотта Тахир Халимназаров Салтанат Нүкенованың қандай жарақаттар алғанын айтып берген еді.