Сәләфиттер қинап намаз оқытқаны аздай, енді қыздарын мәжбүрлеп тұрмысқа беруге көшкен – Айгүл Орынбек

0

Өзінің кәмелетке толмаған он бес жасар қызын мәжбүрлеп тұрмысқа бермек болған бір әйелдің жолы кесілді. Бұл  туралы белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің facebook парақшасында жазды.

Заңгердің жазуынша, өз қызына қысастық жасамақ болған әйел сәлафит ағымын ұстанады. Қызына күштеп намаз оқытады. Айтпақшы, ол қызын бір емес бірнеше рет осылай біреудің жетегіне беріп жібермекші болған.

«Он бес жасар қыз өз анасына шығымданып, 111 сенім телефонына хабарласқан, қызға полиция қызметкерлері көмек беріп құтқарып қалды. Қыздың сөзі бойынша, анасы қинап намаз оқытады, енді мәжбүрлеп тұрмысқа бермекші екен. Қыз бір емес бірнеше рет осылай беріп жібермекші болған соң, көмек сұрадым деп отыр. Қыздың жасы он бесте», — деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Бір қызығы, қылмысы ашылып қалғанын сезген әйел бейнеүндеу жолдап, жұрттың басын айналдыруға көшкенге ұқсайды. Ең сорақысы, ол өзінің бұл ісін «қылмыс» санамайды екен.

«Қызынан айрылып қалатынын сезген ана, артынша елге видео үндеу жасап шағым жасап отыр. Айқайлап, жылап шықсақ болды ел соның сөзін сөйлейді деп ойлады ма? Кінәнің барлығын полиция қызметкерлеріне үйіп төкті.

Өзінің қызын ұрып соғып намазға жыққанын, тұрмысқа қинап бергісі келгенін заңсыз екенін ұғынып тұрған жоқ!

Түлкібас ауданының полиция басшысы  Данияр Мейрхан мырза дер кезінде, бұл істі бақылауға алып қызды анасынан алып, кризистік орталыққа тапсырды.

Полиция қызметкерлері өз қызметін жедел түрде атқарды. Олардың міндеті шағымданушы жасөспірім қыздың шағымымен жұмыс істеу!

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою, осыдан басталады!

Ал қызды анасына қайтару керек, заңсыз деп жатқандарға айтарым, бізде кез келген азаматтың заң алдында құқығы тең!

Анасы қызын өз еркінен тыс ештеңеге мәжбүрлей алмайды!

Осындай қысымнан талай жастар Сириядан бірақ шыққан жоқ па?», — деп жазған жазба авторы.

sn.kz