“Сал болып қалу қаупі бар” — Әскери комиссариаттан қашқан азамат үшінші қабаттан құлап кетті
Оралда әскерге шақырылған жігіт әскери комиссариаттан қашпақ болып, үшінші қабаттан құлаған. Оқиға 1 желтоқсанға қараған түні болды. Жігітті екі досымен бірге әскери комиссариатқа жеткізген. Оның туыстарының айтуынша, шақырылушы бұрын әскери қызметке шақырту алмаған және психологиялық тұрғыда әскерге дайын болмаған.
«Оларды үшінші қабаттағы жатын бөлмеге орналастырған. Сол жерде басқа бір жігіт оларды қашуға үгіттеген. Ол өзін бай адамның баласымын, айыппұлды төлеп беремін деп алдаған екен, бірақ шын мәнінде даяшы болып шықты. Түнде сол жігіт төсек жапқыштарды байлап, төмен түсті. Оның артынан біздің ұлымыздың достары да түсті. Кейін ұлымыз да қашуға тырысты, бірақ жапқыштар үзіліп кетіп, ол жерге құлап түсті», — дейді жігіттің ағасы.
Жігіт ауыр жарақаттар алған: омыртқасы сынған және денесі сал болып қалу қаупі бар. Оған операция жасатуға тура келеді. Жәбірленушінің туыстары әскери комиссариат қызметкерлерін өз міндеттеріне салғырт қарады деп айыптап отыр. Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жігіттің бұған дейін 1414 байланыс нөмірі арқылы шақырту алғанын мәлімдеді.
«Ол 2023 жылы оқуын бітірген. «Әскери қызмет туралы» заң бойынша оның әскери қызметтен босату немесе кейінге қалдыру себебі болмаған. Шақырту қағазын алмаған жағдайда, оны жеткізу жергілікті ішкі істер органдарына жүктеледі. 30 қарашада кешкісағат 17:00 шамасында полиция қызметкерлері оны облыстық жиын пунктіне жеткізген. Шақырылушыларға ешқандай моральдық немесе психологиялық қысым көрсетілген жоқ. Жатақ бөлмесінде олар төсек жапқыштарды байлап, үшінші қабаттан түсуге әрекет жасаған. Бір жігіт құлап, ауыр жарақат алған. Қазір оның жағдайын медициналық қызмет басшылары бақылап отыр», — деді департамент өкілдері.
Жәбірленушіге ҚР ҚК 387-бабы «Әскери қызметтен жалтару» бойынша қылмыстық іс қозғау туралы өтініш жіберілген. Оған 3 мың АЕК көлемінде айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Кезекшілікті атқарған қызметкердің іс-әрекетіне қатысты ішкі тексеріс жүріп жатыр. Оның кінәсінің деңгейі анықталатын болады.
Фото Tengrinews.kz/Турар Казангапов