Сәкен Майғазиев Шымкентке көшіп барып, жаңа қызметке тағайындалды
«МузАРТ» тобының әншісі, мәдениет қайраткері Сәкен Майғазиев Шымкентке көшіп келіп, Түркістан сарайының басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы әлеуметтік желіге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жазды.
«Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов: “Шымкентті шын мәнінде республикалық қалаға айналдыру үшін шаһарымызда республика деңгейінде еңбек етіп жүрген азаматтар жұмыс істеуі керек”, — деп, өзі бас болып, біраз азаматтарға қолқа салып жүр.
Бір өңірдің емес, тұтас еліміздің тұлғасына айналған азаматтардың ішінде оңтүстіктен түлеп ұшқан дарабоздар аз емес.
Шымкентке қайта оралатын кезең келді 😃
Шымкент қайткенде шын мәнінде республикалық маңыздағы қалаға айналады? Егер Батыс пен Шығыстан, Орталық пен Солтүстіктен түліктер Шымкентке келіп, осы қалада орналасқан жоғарғы оқу орындарына түсіп жатса… Ол үшін Шымкенттің оқу орындары мықты болуы керек. Бүкіл Қазақстаннан емделу үшін Шымкентке науқастар келсе… Өнерсүйер қауым Шымкенттің театрларына келіп жатса…
Қала әкімі Мұрат Дүйсембекұлы әр сала бойынша қазір мықты мамандарды шақыртып жатыр. Енді осы жерде тағы бір дилемма туады. Басқа жақтан кадрлар келіп жатса, неге Шымкенттен емес деген әңгіме пайда болуы мүмкін. Бұл – облыстың маңыздағы қалаға тән әңгіме. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс істедік. Бірақ ешкім неге Алматыдан емес, Нұр-Сұлтаннан емес, Шымкенттен деп айтқан емес. Республикалық маңыздағы қала болған соң, еліміздің кез келген түкпірінен келіп адамдар жұмыс істеуі мүмкін.
Алдағы жиырма жылда Шымкент елдегі тұрғындары ең көп қалаға айналады. Төңірегінде екі миллион халқы бар Түркістан облысы жатыр. Ауа райы жайлы. Су көздері көп. Жер көлемі кең. Өз ойым, Шымкенттің болашағы мықты.» деп жазды Ш.Мұқан.