Сайрагүл Сауытбайдың пана іздеуші куәлігі тағы ұзартылды — новости Казахстана
Қытайлық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың Қазақстанда қалуға мүмкіндік беретін куәлігінің мерзімі тағы ұзартылды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алматы облысының көші-қон басқармасы этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың «пана іздеуші тұлға» куәлігінің мерзімін 28 қаңтар күні үш айға, яғни 25 сәуірге дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Өткен жылы 25 шілдеде алты айға берілген куәліктің мерзімі 2019 жылдың 25 қаңтарында аяқталған болатын.
Алматы облысы көші-қон полициясы Сайрагүл Сауытбайдың куәлігінің мерзімін еш кедергісіз ұзартты.
Сайрагүл Сауытбай не себепті «босқын» мәртебесі берілмей отырғанынан білмейтінін айтты. Барлық сұрақтарға адвокаты Абзал Құспан жауап беретінін айтып өтті.
Сайрагүлдің сөзінше, оның басты мақсаты отанына оралу, отбасымен қауышу.
«Мен Қазақстанға өз елім, жерім, отбасым деп келдім. Менде басқа мақсат жоқ. Аңсап келген отанымда бала-шағаммен бірге болсам деймін. Менің бақытым да, отбасым да осында. Ана үшін отбасынан артық еш нәрсе жоқ», — дейді ол.
Еске сала кетейік, Сайрагүл Сауытбай 2018 жылдың мамыр айында Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен болатын.
Осыған байланысты сот процесі бір айға созылып, сот оның елде қалуына рұқсат еткен болатын. Бірақ Қазақстан оған саяси баспана беруден бас тартты.
Дереккөз: kaz.nur.kz