«Сайлаудың шынайы нәтижесі» және «Қосановтың жеңісі»
«ФАЛЬСИФИКАЦИЯ»
«Уральская неделя» басылымы «Оралдағы сайлаудың шынайы нәтижесі: Тоқаев жеңілді» атты мақалада маусымның 12-сі күні түске қарай тәуелсіз бақылаушылардың қаладағы 81 сайлау учаскесінен алынған дауыс беру хаттамаларының көшірмесін жинап біткенін жазды. 9 маусымда қалада барлығы 125 сайлау учаскесі жұмыс істеген.
«Сайлау учаскелерінің 65 пайызынан жиналған дауыс беру хаттамасы бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев 40,4 пайыз дауыс алды. Әміржан Қосанов 49,9 пайыз дауыс алды» деп жазды мақала авторы.
Сайлау учаскелерінің саны | Сайлаушылар саны | Дауыс бергендер саны | Тоқаев | Қосанов | Қалғандары | Бүлінген бюллетеньдер |
81 | 171 491 | 66 430 | 26 870 | 33 170 | 4 137 | 2 297 |
Сайлау учаскелерінің 64,8 пайызы (Барлығы 125) | 100 % | 38,74% | 40,45% | 49,93% | 6,24% | 1,34% |
Басылым әрбір сайлау учаскесінде қалай дауыс бергенін көрсететін кесте де ұсынған.
Ресми дерек бойынша, Батыс Қазақстан облысы бойынша қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлаушылардың — 73,69 пайызы (223 937 адам), «Ұлт тағдыры» атынан сайлауға түскен Әміржан Қосановқа 20,85 пайызы (63 355) дауыс берген. Сайлаудың жалпы қорытындысы бойынша, Тоқаев 70 пайыздан астам дауыспен жеңіп шықты. Ал Қосанов 16 пайыздан астамы дауыс алған.
Басылымның жазуынша, Оралдағы тәуелсіз бақылаушылар сайлаудың ресми қорытындысына наразы.
— Мен қаладағы 453-сайлау учаскесінде бақылаушы болдым. Әміржан Қосановқа — 815 адам, Тоқаевқа — 316 адам дауыс берді. Бәрі хаттамаға тіркелді. Ал бүгін таңертеңнен бері Тоқаев жеңіп шықты деп жатқан нәтижемен келіспеймін. Бұл — фальсификация, — деді Беказыр Әлмұқанов маусымның 10-ы күні.
Қосановтың сенімді өкілі Бауыржан Әлішев өзі бақылаған учаскеде Қосановқа — 951 адам, Тоқаевқа 357 адам дауыс бергенін айтқан. Басылымның жазуынша, нәтижемен келіспеген осы сияқты азаматтар көп.
Тәуелсіз бақылаушылар сөзіне сүйенген басылымның жазуынша, Тоқаев пен Қосановтың дауыс нәтижелерінде ресми нәтижеде көрсетілгендей үлкен айырмашылық болмауы тиіс.
— Мен 286-сайлау учаскесінде дауыс беруге дейін бәрін бақыладым. Бұл сайлау учаскесінде Қосанов жеңді. Міне, қазір ғана сайлаудың алдын ала нәтижесі жарияланды. Меніңше, бұл шынайы жағдайға сәйкес келмейді. Бұл өрескел көрсеткіш. Бірақ барлық «әкімшілік ресурсты» алыс тастасақ, Тоқаевтың дауысы әлдеқайда аз болар еді. Бірақ менің ойымша, бұл сайлау шок болды. Адамдар кеше Қосановқа да, қазіргі билікке де қарсы дауыс берді. Олар тек бюллетеньмен ғана дауыс берген жоқ — бойкот жариялап, көшеге шықты. Қоғам билікке оны қабылдамайтынын ашық түсіндірді. Кешегі күн — Қазақстан үшін тарихи күн, — деген азаматтық белсенді, бақылаушы Асқар Шайғұмаров.
«БЮЛЛЕТЕНЬДЕРДІ АЛЫП ҚАШУ»
«Ақжайық» басылымы «Атыраудағы №31 сайлау учаскесінде бақылаушыларды дауыс санауға жібермеген» атты мақалада қаладағы сайлау учаскелерінің бірінде болған оқиғаны баяндаған. Ондағы ақпаратқа сәйкес, сайлау комиссиясының төрайымы дауыс беру аяқтала сала бюллетеньдерді бірден көлікпен алып қашпақ болған. Ал тәуелсіз бақылаушылар мұның заңсыз екенін айтып, оның жолын бөгемек болған. Youtube-та тараған видеода бірнеше адамның сайлау комиссиясы төрайымының әрекетіне наразы болып, оның кетуіне кедергі жасағаны көрінеді. Ал полиция қызметкерлері көлік ішінде отырған төрайымға көмектесіп, бақылаушыларды көлік маңайынан кетіруге тырысады. Тіпті арасында бір полицей төрайымға қарата «көлігіңізді кілтеп алсаңызшы» деп ренжиді.
ВИДЕО: Атыраудағы №31 сайлау учаскесінде болған оқиға (9 маусым 2019 жыл).
«Ақжайық» басылымы «бюллетеньді алып қашты» делінген сайлау комиссиясының төрайымына хабарласқанмен жауап ала алмаған. Жақындары оның емделіп жатқанын айтқан. Оқиға орнына барған жергілікті белсенді Арман Хайруллин «иә, мені бақылаушылар шақырды және учаске төрайымының дауыстарды санамағанын хабарлады. Бақылаушылардың мобильді капитаны ретінде учаскеге бардым. Бюллетеньдерді қайта санауын сұрадым, бірақ бас тартты. Қайта санағаннан кейін мұны жасауға болмайды деп түсіндірді» деген.
Сайлау туралы заңның 43-бабы 1-бөліміне сілтеме жасаған басылым бақылаушылардың дауыс санауға қатысуы тиіс екенін еске салған. Ал облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Азамат Айманакумов «Иә, біз бұл роликті көрдік. №31 сайлау учаскесінің төрайымы бұл факті бойынша Атырау облыстық полиция департаментіне өтініш жазды. Бұл ер адамдардың кім екенін білмеймін, бірақ қандай жағдай болмасын ешкім сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасай алмайды. Тіпті бақылаушылар да. Ол (сайлау комиссиясының төрайымы) бәрінің көзінше дауыс санағанын айтты, бірақ жастар шулай бастап, оқиғаны видеоға түсірген. Осылайша дау туындаған» дейді.
Басылымның жазуынша, оқырмандар әрбір сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижесін облыстық сайлау комиссиясынан сұратуды өтінген, бұл бірақ заңда қарастырылмаған.
АУЫЛДА ҚАЛАЙ ДАУЫС БЕРДІ?
«Ақжайық тілшісі» 9 маусымда Атырау қаласы маңындағы Дамба селолық округінде орналасқан №68 сайлау учаскесіне барған. Дауыс беруге құқығы бар 1935 адам тіркелген бұл учаскеде сайлау күні 1471 адам дауыс берген.
Тілшінің жазуынша, мұнда «оппозиция кандидаты» Әміржан Қосанов жеңген. Оған 914 адам дауыс берген. «Қазақстан коммунистік халық партиясы» кандидаты Жамбыл Ахметбековке — 38, «Ақ жол» кандидаты Дания Еспаеваға — 27, Амангелді Таспиховқа — 28, «Ұлы дала қырандары» кандидаты Сәді-Бек Түгелге — 20, Қасым-Жомарт Тоқаевқа — 387, Төлеутай Рақымбековке — 27 адам дауыс берген. 30 бюллетень жарамсыз деп танылған. Сайлау учаскесіндегі атмосфераны басылым тілшісі былай сипаттайды.
«Бастысы — жоғары белсенділік. Сайлау учаскесінде бұрын сайлауда белсенділік танытпайтын жастар ерекше көп болды.Заңбұзушылық болған жоқ, тек өздері емес, туыстарына дауыс бергісі келген бірнеше сайлаушы болды, бірақ оларға рұқсат берген жоқ».
Басылымның жазуынша, Дамба ауылы өткен ғасырдың 50-шы жылдары балық аулаумен айналысатын колхоз ретінде құрылған. Әлі күнге дейін ауылдың кейбір тұрғындары сол кәсіппен шұғылданады. Мектеп, балабақша, әкімдікте шамамен 200 шақты адам жұмыс істейді.
9 маусым күні Қазақстанда президент сайлауы өтіп, елді отыз жылдай билеген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев жетпіс пайыздан аса дауыспен жеңіп шыққан. Желіде сайлау күні және учаскелер жабылған соң, бюллетеньдерді топтап салу, бір сайлаушыға бірнеше бюллетень беру, учаскелік сайлау комиссиясы хаттамаларын мазмұнын өзгертіп қайта жазу, «карусель» сияқты заңбұзушылықтар болғаны жөнінде ақпарат тарады. Заңбұзушылықтардың бірқатарын сайлауға ерікті түрде бақылаушы боп қатысқан азаматтар анықтады. 9 маусым күні кешке ,ас прокуратура заңбұзушылықтар болғанын растады. Прокуратура дерегінше, 19 заңбұзушылық фактісі тіркелген. Билік хаттамаларды қайта жазу жайлы пікір білдірмеді.
Сайлау елде наразылық күшейіп, полиция адамдарды жаппай ұстап әкетіп жатқан тұста өтті. Батыс бақылаушылары саяси науқан кезінде сайлау ережелері мен азаматтардың құқығы бұзылғанын айтқан.
Бұған дейін бірқатар тәуелсіз бақылаушылар, азаматтар сайлау кезінде дауыс беру нәтижесі бұрмаланғанын, бақылаушыларға кедергі жасалғанын айтып, сайлау нәтижесін жарамсыз деп тануды талап еткен.