Сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыспен жеңіске жетті

0
603

ОСК Президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады
ҚР Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады, деп хабарлайды kznews.kz сайты ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, қазіргі уақытта ел өңірлері мен шет елдердегі сайлау учаскелерінде дауыстарды санау аяқталды. Кеше күні бойы онлайн режимде өңірлердің жедел деректері негізінде ОСК қазақстандықтардың дауыс беруге қатысуының белгілі бір уақыттағы жағдайын хабарлап отырды. 9 брифинг өтіп, ақпарат шұғыл беріліп отырды.
Осылайша ОСК төрағасының айтуынша, Қ.Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8% сайлаушы таңдаған.
Сонымен бірге, Жигули Дайрабаевқа 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге 206 мың немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілген.
Әзірге аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электронды көшірмелерін ұсынды.
«Сонымен, нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады. Оның 8 млн 300 мың 46 адамы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды. Дауыс беру күні ҚР Президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенім білдірген адамдары, шетелдік халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса байқаушысы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушы сайлауды бақылауды жүргізді. Сайлау учаскелерінде 1225 қазақстандық БАҚ өкілдері, 23 елдің 41 шетелдік БАҚ-тың аккредиттелген журналистері ақпарат таратты», — деді Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингіде.
Айта кетейік, кеше 20 қарашада елімізде кезектен тыс президент сайлау өтті. Барлық өңірде 10 033 учаске жұмыс істеді. Ал шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанындағы 68 учаске құрылған.
Еліміздегі бүкіл сайлаушылардың 69 пайызы немесе 8 млн 282 мыңнан астам адам өз таңдауын жасаған.
Сонымен бірге, түнде Еxit poll әдістемесі бойынша жүргізілген сауалнамалардың алғашқы қорытындылары мәлім болды.