Сайлау алдында оппозиция біріге ала ма?
Биыл маусымның 9-ы күні өтетін Қазақстанның президент сайлауы қарсаңында оппозициялық бағыттағы ұйымдар мен жекелеген тұлғалар түрлі шараларға шақыра бастады. Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы және оның жетекшісі Мұхтар Әблязов сияқты қатаң бағытты ұстанатын саясаткерлер жаппай митингіге шығуды, кейбірі сайлауға бойкот жариялауды, енді бірі оппозициялық кандидат ретінде Әміржан Қосановты қолдап дауыс беруді жақтайды.
Біршама саясаткерлер шетелге барып, кездесулер, жиындар да өткізді. Бірер апта бұрын Киевке барып жиын жасаған саяси белсенділер жалпыұлттық құрылтайға шақырып жүр. Жақында Парижде өткен жиналысқа қатысқан «Ақиқат» ЖСДП басшылары да бар, оннан астам қазақстандық белсенділер жаңа мәлімдеме жариялады. Онда партияның бұған дейін бойкотқа шақырған бастамасына қарсы келіп, сайлауға баруды үндеген.
Қазақстандағы оппозиция біріге ала ма? Олардың саяси науқан алдындағы әрекеттері қандай? Сайлауға «оппозициялық кандидат» атанып түсіп жатқан Әміржан Қосанов билікке сыншыл күштерді топтастыруға қабілеті жете ме? Оппозициялық тұлғалар арасындағы алауыздық астарында не жатыр? Осы және өзге де сауалдарды хабар сарапшыларымен талқылаймыз.
Алматы студиясында сағат 14:00-де басталатын Азаттықтың тікелей эфирінің сарапшылары «Ақиқат» ЖСДП партиясы төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай мен журналист-жазушы Мырзан Кенжебайға сұрақтарыңызды әлеуметтік желідегі парақтарымыз арқылы жолдауларыңызға болады.