«Саяси шешім емес»: Франция президенті Павел Дуровтың ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады
Франция президенті Эммануэль Макрон Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуровтың ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Макрон өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады. Бұл Франция билігінің Дуровтың ұсталуына қатысты алғашқы мәлімдемесі.
«Мен Павел Дуров қамауға алынғаннан кейін Франция туралы жалған ақпараттарды оқып жатырмын. Франция сөз бостандығы мен коммуникация, инновация мен кәсіпкерлікке бұрынғыдан да көбірек көңіл бөліп келеді. Солай болып қалады», – делінген Макронның жазбасында.
Макронның сөзінше, Дуровты тұтқындау ешқандай «саяси шешім» емес, ол жүргізіліп жатқан сот тергеуіне байланысты тұтқындалған.
«Заң үстемдігі жағдайында әлеуметтік желілерде де дәл өмірдегідей бостандықтар азаматтарды қорғау және олардың негізгі құқықтарын сақтау үшін заңмен белгіленген шеңберде жүзеге асырылады. Францияда Telegram басшысын қамауға алу жүргізіліп жатқан сот тергеуі аясында орын алды. Бұл ешқандай саяси шешім емес. Шешімді судьялар қабылдайды», – деді Франция президенті.
Еске салсақ, бұған дейін Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың Францияда ұсталғаны туралы жазған едік. Дуровқа Telegram-дағы контентті модерациялаудан бас тартқаны үшін терроризм, есірткі саудасы, ақшаны жылыстату сияқты ауыр қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылған. 26 тамыз күні Франция соты Дуровты қамауға алу мерзімін ұзартты.