Саяси биліктің арқасында жылдам байыған автократтар

0

«Саяси және моральдық жемқорлық, зорлық-зомбылық, бақылаудың әлсіздігі және [қылмыстық] қатысу туралы әңгіме». Британдық Financial Times басылымы зерттеуші-журналист Том Берджестің «Клептопия: арам ақша қалай әлемді жаулап жатыр» деген кітабына осындай сипаттама береді.

«Қырғиқабақ соғыс аяқталған соң әлем өз елінде саяси билікті уысында ұстау былай тұрсын, сол елде ұрланған активтердің есебінен шетел банктеріндегі есепшоттарын өршелене толтырған автократтардың жаңа толқынының пайда болғанын көрді» деп жазады FT. Басылымның тұжырымы бойынша, Берджес осы адамдардың шалқып өмір сүруіне жағдай жасаған, «өте жылдам, тіпті кейде қорқынышты әдістермен жинаған шет-шегі жоқ байлығы феноменін» қалыптастырған жаһандық жүйенің қыр-сырын түсіндіреді.

Ондаған миллион доллар көлемінде «сыйақы» берудің өзі қалыпты құбылыс саналатын бұл жүйе «диктаторларды қолдап», «демократияны тұншықтырып» келеді, соның кесірінен журналист «Клептопия» деп атаған әлем қалыптасқан. Оның айтуынша, бұл әлем «бизнес пен саясаттағы зұлымдардың тобырынан» тұрады, «Клептопия» әлемдік қаржы жүйесіне кіріктірілген және ол аса ауқымды қаражатты қолданғанда анонимдікті сақтау ережесі есебінен және «әлсіреген экономикаға инвестиция салу көзі» ретінде батыс елдері саналы түрде тартып жатқан «арам ақша» есебінен өмір сүреді.

Кітаптың ауқымды бөлігі Қазақстанға және бұл елге тікелей қатысы бар адамдарға арналған. Онда тек олигархтар мен саясаттағы әйгілі тұлғалар ғана емес, қарапайым қазақстандықтар да бар. Берджес 2011 жылғы Жаңаөзендегі қанды оқиға туралы айтады, бұл жөнінде мәліметті ол Қазақстанға арнайы барып жинаған.

Азаттық тілшісімен сұхбатта Берджес Қазақстанды «ең жаһанданған» ел әрі әлемдегі ең ірі клептопиялардың бірі деп суреттейді. Оның айтуынша, ауқымды капиталының арқасында батыста «легитимдікті» сатып алуға тырысқандардың алғашқы легінде Қазақстанның өкілдері болған.

Берджес өз әңгімесін басты төрт кейіпкер арасында өрбітеді деп жазады FT. Олар: банк қызметкері, «бұрынғы совет миллиардері», «ньюйорктік алаяқ» және «түсініксіз клиенті бар канадалық адвокат». Бұлардың екеуінің Қазақстанға тікелей қатысы бар. Берджестің айтуынша, кітапта Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев, оның отбасы мүшелері, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов және басқа көп адамның есімі аталады. Том Берджеспен сұхбат дүйсенбі, 23 қарашада Азаттық сайтында жарық көреді.

Азаттық