Саясаттанушы: Бізде іс жүзінде кәсіпкерлікке жасалып отырған қысым өте зор — Қазақстан жаңалықтары

0

[ad_1]

Кәсіп бастау мұң болды. Себебі, Астанадағы жалға берілетін кеңселер мен ғимараттардың бағасы аспандап кеткен! Іскер жастар осылай деп дабыл қағуда. Бизнес жасауға құлшыныс болғанмен, мүмкіндік жоқ. Аренданың әлегі қарызға белшеден батырып, банкрот қылды дейді олар. Миллиондап жалдау ақысын өтегенімен, табыс төмен. Шын мәнінде бас қалада бизнес жасау қиын ба? 

Саясаттанушы: Бізде іс жүзінде кәсіпкерлікке жасалып отырған қысым өте зор

Астанада ғимараттан көп дүние жоқ. Аттап бассаң бизнес орталықтар, сауда нысандары, тағысын тағы. Таңдау бар. Бірақ бағасы удай. Өз нәпақасын кәсіп көзінен таппақшы болған Қуаныш Қуатбектің жайлы орын іздегеніне көп уақыт болыпты. Алайда, қайда барса да тауы шағылады екен, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Біз біраз кеңселерді қарадық және де бағалары бізге өте тиімді емес. Бағалары өте қымбат және қойылған шартары дұрыс емес», — дейді жас кәсіпкер Қуаныш Қуатбек.

Кәсіпкердің сөзінше, жалға беруші ғимараттың ақысын бірнеше айға бірден төлеуді талап етеді. Алайда, кәсібін дөңгелетіп үлгермеген, табысы жоқ жастар оны қалай төлейді? Осы орайда жұрт пікірін біліп көрдік. 

«Қаншама заңдар шығып жатыр, бірақ бәрі қолайлы, жастарға жақсы келеді деп айта алмаймын».

«Қазір көп жерлерде үйлер, кеңселер бос тұр». 

Жұртшылықтың айтуынша үкімет жаңа бағдарламалар қабылдап, қанша заң шығарғанымен кәсіпкерлер қадамын нық жасауға қауқарсыз. Оның үстіне, елордада жалға берілмей қаңырап тұрған бизнес орталықтар жетіп артылады. Себебі, оны ісін енді бастаған кәсіпкер тұрмақ, саланың қыр-сырын меңгерген тәжірибелі маманның қалтасы көтермейді. Миллиондаған шығынның бар екенін мамандар да растайды.

«Қазір сауда орталықтарындағы кішкентай бутиктердің 1 шаршы метрі 5000 теңгеден жоғары. Әрі ол жерде бүкіл жағдай жасалмауы да мүмкін. Бұл Астананың оң жағалауындағы баға. Ал сол жағалау екі есе қымбат», — дейді риэлтор Айман Тезекбаева.

Жылжымайтын мүлік агентінің мәліметінше, бизнес жасауға берілетін кеңселердің қымбат болуы әртүрлі факторға тәуелді. Мысалы, қалың халық жүретін жол бойында орналасқан кәсіп міндетті түрде тұтынушысын табады. Мамандардың ақпаратына сүйеніп, бас шаһардағы ауқымды бизнес орталықтардың орташа бағасын есептеп көрдік. 

Мәселен, оқу курстарына арналған кеңсенің әр шаршы метрі 7000 теңгеден жоғары. Оның бір бөлмесі кем дегенде 6-7 шаршы метр дегенде ай сайын 50 мың қажет. Ал, шағын дүкеннің шаршы метрі 5000 теңгеден басталады. Кейде оның табысына қарағанда шығыны шаш етектен. Ал, орташа көлемді бизнес орталығындағы кеңсенің ай сайынғы төлемі 900 мың болса, сауда орталығындағы орныңыз үшін 360 мыңды бересіз. Сол сияқты супермаркет, сұлулық салоны миллиондап шығын әкелсе, көпшілік қызыға бермейтін тирді 210 мыңға жалдайсыз. Алайда, пайда табасыз ба?

Мәселен, көлемі 350 шаршы метр болатын асхананы мысалға алайық. Санап көрсек, оны жалдауға шамамен ай сайын 2 миллион төңірегінде қаржы кетеді екен. Бөлгенде, әр шаршы метрі 6 мың теңгеден шығып тұр. Бұдан өзге, асхана жұмысшыларының жалақысы, тағам өнімдеріне жұмсалатын қаржы тағы бар. Бизнес шығынын ақтай ма, жоқ па, ол жағы беймәлім.

Ал кәсібін нөлден бастаған жас кәсіпкер Асхат Абжановтың пікірі бұл тұрғыда мүлдем басқа. Ол қолдан келсе қонышынан басып, тек бар ресурстармен баюға болады, дейді.

«Иә,бізде кеңселерді жалға алу проблемасы бар. Бизнес орталықтар өте қымбат. Пайда табу қиын. Егер кәсібін енді бастауға бел буған стартаперлар туралы айтар болсақ, олардың ең үлкен қателігі бірден қымбат ғимаратты жалдап алуға асығады. Бизнесті жай телефон мен келіссөз арқылы бастауды мүлде ойламайды. Өз жағдайының барын көрсетіп, тұтынушыларды тартам деп ойлап жаза басады», — дейді Бизнес бірлестігі басқармасы мүшесі Асхат Абжанов.

Ал бұл пікірге саясаттанушы Расұл Жұмалы қарсылық білдірді.Жасалған нәтижең болмаса ел құр сөзге қайдан илансын, дейді. «Заңды жүзеге асырылатын кәсіптің өзіне тексеріс көп, ал барыңды құжатпен тіркемей істесең басың бәлеге қалады, — деген ойда.

«Мемлекетте кәсіпкерліктің дамуы үшін тиісті алғышарттар жасалмаған. Әрине жалаң түрлі уәделер беріледі. Бізде іс жүзінде кәсіпкерлікке жасалып отырған қысым өте зор. Бұл жемқорлық қысым, түрлі рұқсаттарды, лицензияларды алу, бір кәсіпкерге 10 тексеруші келеді» , — дейді саясаттанушы Расұл Жұмалы.

Сарапшының айтуынша, ірі мемлекеттерде жастар стратегиясы нық жолға қойылған. Олардың кәсіп жасап елге себін тигізуге қолайлы шарттар жасалған. Ал, бізде әлі күнге тексерістердің саны азаймай келеді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз

stan.kz