Саясаткер Жанболат Мамай: «Мынадай масқарадан кейін Назарбаевта екі-ақ жол қалды»

0

Саясаткер Жанболат Мамай Facebook-тағы парақшасында Айсұлтан Назарбаевтың (Айсұлтан Рахат) кешегі жаға ұстатарлық мәлімдемесінің бірнеше қыры бар деп санайды.


Біріншіден, Айсұлтанның мынадай күйінде сұхбат беріп, ел алдына шығып, халықты дүр сілкіндіретін сөздер айтуы, оның ішінде

«Назарбаев — менің әкем, ал Дариға — шешем, ол — «сиқыршы» деуі — бұрынғы президенттің билікті уысынан шығарғанын айғақтайды.

Егер бұрынғыдай монолитті билік болып, күштік құрылымдардың барлығы қолында болса, Айсұлтанның күні бойы журналистерге жауап беруі мүмкін болмас еді! Демек Назарбаевтың жеке билігі әлсіреп, жоғары билік арасында саяси тартыс ашық басталды деген сөз.

Екіншіден, Айсұлтанды бұлай айтуға итермелеп, анадай күйінде сұхбат бергізіп тұрған ықпалды күштер бар. Егер видеоны анық қарасаңыз, Айсұлтан не есінен адасқан, не әлдебір есірткінің буына мастанып тұр. Ал оның бәрін кім ұйымдастырды? Әрине, билікке таласып, саяси тартысқа ашық түскен топ кірісті деген сөз.

Үшіншіден, мынадай масқарадан кейін Назарбаевтың екі ақ жолы қалды: не жақын уақытта күштік құрылымдардың ішінде жаппай репрессия басталады, не оның өзі биліктен аластатылады.

Төртіншіден, не Назарбаевтың, не Дариға Назарбаеваның, не басқа да отбасы өкілінің шығып, бұл мәселеге ләм-мим демегеніне қарағанда, қауіпсіздік кеңесі төрағасының өзі қазірдің өзінде биліктен шеттетілген болуы мүмкін. Ал ол туралы ақпарат аз уақыттың ішінде, Айсұлтанның айтқаны айдай әлемге жайылған соң тарайды. Қалай болғанда да, Айсұлтанның бұл мәлімдемесі Назарбаев дәуірінің аяқталып қалғанын анық көрсетеді.

https://ztb.kz/