сахнаға шыққан балаларды теуіп жіберді

0

Әнші Астанадағы концертте сахнаға шыққан балаларды әзілдеп тебемін деп сынға ұшырады

АСТАНА, 10 қаңтар — Sputnik. Қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі Instagram желісіндегі парақшасында кішкене бүлдіршіннің аузына «түкіріп», сахнадан кетіп бара жатқанында ақырындап тепкен видеоны жариялады. Желі қолданушыларының бірі оны қазақы ырымды жасады деп алғыс айтса, енді екіншілері бұл әрекетін көргенсіздікке балады.

Бүлдіршін сахнаға Төреғали Төреәліге гүл беру үшін шыққан болатын. Осы кезде әнші тізерлеп отырып, ырымдап аузына түкіріп, кетіп бара жатқан кезде тепкендей сыңай танытады. Ал екінші баланы ақырындап тепкенін анық байқауға болады.

«Бізде ауылда сөйтеді. Ұяда не көрсең деген осы болар. Мына баланы танимын. Жаңадан келе жатқан баланы да танимын. Өзімнің болашақ клиенттерім. (…) Осылай сөйлемеймін деймін де, кейін сөйлеп қоя беремін», — деді Төреғали Төреәлі Астана қаласында 9 қаңтар күні өткен «Тәтті шай» атты концерт кезінде.

Залда отырған көрермен әншіні қоштап қол соққанымен, желі қолданушылары арасында оның бұл әрекетін сынағандар көп. Десе де, жақтап сөйлеп, мұның қазақ халқының ежелден келе жатқан ырымы екенін айтып ақтағандар да болды. 

«Енді тағы не қылық шығарар екен мына жігіт?!», «Көрерменге бұлай жасау үшін қандай оңбаған болу керек?! Онда неге бай-бағландар жұрттың дәулеті артсын деп оларды осылай теуіп, ауыздарына түкірмейді? Сый-құрметке лайық емес әнші», «Африкалықтарға ұқсап кетті ғой», «Осы жерде қуып кетті», «Бұл әншіге айтар сөзім жоқ. Бәлкім дәстүрді білмегендіктен, осылай жазып жатқан болармын» деп жазды желі қолданушылары.

Әншінің соңғы жылдары жұртты шулатқан жалғыз әрекеті бұл емес. Осы уақытқа дейін Ақтөбедегі концертте залда отырған қарияға қатты сөйлеймін деп ұятқа қалған-ды. Сондай-ақ, тыңдармандары оны сахнада әжеймен жерге жантая кетіп суретке түскені үшін сынаған болатын.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/