Сахнаға шегіп шығатын «шегірткелер» шектен шықты — Ахметбек Нұрсила

0

Қатарынан «оза туған» танымал өнер жұлдыздарының қатарынан қамалуы қоғамда әлі қызу талқыланып жатыр. Әзілкеш пен әншілердің әрекеті дұрыс па, әншейінде жұртты сабырға шақыратын өнер иелері неге сабырсыздық танытты? Бұл оқиғаға қатысты танымал азаматтардың пікірін сұрап білген едік.

Белгілі кәсіпкер, психолог Ахметбек Нұрсила қай заманда болсын қоғамның қадір тұтар тұлғалары болатынын, өкінішке қарай, қазіргі қоғамда құндылығы жоқ, мәдениеттен жұрдай сайқымазақтар, әншісымақ «шегірткелер» жұлдыз болғанын айтады:

«Әсет Найманбайұлы айтқандай:

Асуға ат шықпайтын арба шықты,
Қанды балақ қыранды қарға жықты,
Қопада өгіз соққан жолбарыстар,
Қояннан қорыққанынан жарға бұқты.

Яғни, қоғам дағдарып тұрған кезеңде қоғамның қадірлісі болып, жұлдыздар болып «шегірткелер» шықты. Баяғыда Балуан Шолақ, Ақан сері, Біржан сал сияқты тұлғаларды адамдар төбесіне көтерген. Олардың мәдениеті, кісілігі, адамгершілігі өте жоғары болған. Елге сөзі өтіп, қорған болған. Сондықтан халық оларды құрметтеді. Ал қазіргі тоқырау заманында дүниеқоңыз сайқымазақ, білімсіз адамдар төрге шықты. Ең қорқыныштысы, халық солардың сорақы қылықтарын қорғап жатыр.

Мейрамбек Беспаев та «еркелік қой» деп қорғап әлек. Еркелігін әке-шешесіне көрсетсін. Халыққа ондай еркелік жүрмейді. Ішіп алып, қоғамдық жерде ұрыс, төбелес шығарып, сахнаға анаша шегіп шығу деген барып тұрған бассыздық. Бұл қоғамның деңгейін де көрсетеді. Дамыған елдерде пара алған, бірдеңе бүлдірген министрлер бірден жұмыстан кететін еді. Қоғам алдында жүрген адамдар шалыс басса, қарабет болып, елдің алдына шықпаушы еді.

Тұрсынбек Қабатов оспадар қылық жасап алып, саханаға шығып, сонысын дәріптеп күлкіге айналдырып тұр. Оған халық мәз. Бұл — қоғам алдындағы халықтың қасіреті. Есек озып, тұлпарлардың мерейі ақсаған заман болып тұр. Халықтың алдында жүріп осындай оспадар қылық көрсеткендер елге үлгі саналса, қоғам ешқашан түзелмейді».

Халықтың сүйіктісіне айналған Мейрамбек Бесбаев елдің қызу талқысына түскен Қайрат Нұртастың оқиғасына қатысты пікір білдірді.

Известный казахстанский певец Мейрамбек Беспаев открывает свое радио
Фото: Мейрамбек Беспаев әлеуметтік желідегі парақшасынан

«Кейде есігіңнен күліп кіріп, текеметіңді тіліп кететіндер болады. Адам аласы ішінде ғой. Досым деп жүріп домалақ арыз жазып, құны қымбат достықты қастыққа айырбастай салатын хайуандар көбейді. Қайрат інім, құдай жаныңа қуат берсін. Бұлттың артынан күн шығатыны секілді, әр жамандықтың артынан үлкен жақсылық болатыны ақиқат. Енді абайлап жүрші. Маңайында жүргендерді сұрыптап қарашы. Сені сатқан ақымақтың жазасын Алла береді. Алла әділетті», — деді Бесбаев.

Жуырда ғана ШЫҰ саммитіне келген құрметті меймандарға әннен шашу шашқан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызының айтуынша, қанша жерден жұлдыз бол, қоғамдық орында тәртіп сақтау — әр азаматтың қоғам алдындағы парызы.

Мұхамедқызы
Фото: кейіпкерден

«Мәселенің тамыры әншілер фонограммамен ән айтып оңай табысқа жетіп жұлдыз болуында жатыр. Егер маңдай термен жанын жеп айтып өнер көрсетсе, әрбір табысы мен жетістігіне шүкірлік етіп абыройын биік санар еді. Өкініштісі сол, халық фонограммамен айтатынын біле тұра тойларына шақырады, концерттеріне барады. „Қарға қарғаның көзін шұқымайды“ демекші, кейбір әншілер сондай заңсыз әрекеттер жасаған әріптестеріне қолдау көрсетіп жатқандарының өзі дұрыс емес! Қалай түсінуге болады? Сүрінбейтін адам жоқ. Бірақ, бетке ұстар жұлдыздар сүрініп жүрсе, басқалардан не қайыр? „Таяқтың екі ұшы бар“ демекші, сондай жағдайға итермелейтін адамдар да жоқ емес! Фотоға түскіш фанаттар да кейде тәртіп сақтамайтыны рас. Әр айыпқа жаза бар демекші, заң алдында бәріміз бірдейміз!» — деді Майра Мұхамедқызы.

Бұл оқиғаға қатысты көптеген өнер жұлдызына хабарластық. Әріптестерін ренжіткісі келмеді ме, әлде өзінің де бүлдірген жөнсіз әрекеттері болды ма, әйтеуір пікір білдіруден бас тартты.