Сахнада – саясат сардары
Әлемдік саясаттың қақырайма сахнасында қатар-қатар жайғасқан президенттердің қақ ортасында үнемі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырады. Өткен мен келер күнді салмақты бағамдап, айналасындағы бар жайтты ойша таразылап, сергек қадағалайды. Ал Астана төрінде төрткүл дүние мемлекеттері басшыларының басын қосқан талай жиын өткен. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуы алты рет ұйымдастырылды. Сирия дағдарысын реттеуге арналған Астана процесі келісім мен бейбітшіліктің бейтарап алаңы болды. Жыл сайын Астанада өтетін халықаралық саяси, қаржылық, экономикалық форумдар мен симпозиумдарда әлемнің маңызды мәселелері үзбей талқыланады. Халықаралық ЭКСПО көрмесі де алдымен еліміздің мерейін өсірген, Астанамыздың алапасын асырған айтулы шара болды. Осының бәрін әлемдік, елдік пікір Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырады. Ал бабадан қалған байтақ даламыздың жүрегі – Астана осы оқиғалардың бағаналы ордасы.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында көрермендер назарына ұсынған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабы бойынша жазылған «Астана» публицистикалық драмасы осынау оқиғалардың өзегі болған тарихи кезеңді қамтиды. Осылайша Елбасының көркем бейнесі тұңғыш рет театр сахнасында қойылды.
Қойылымның идея авторы және қоюшы режиссері – халық әртісі Мұрат Ахмадиев. Президент кітабы бойынша инсценировкасын жазған – жазушы Ахметжан Ашири. Музыкамен әрлеген – Карим Газиев. Бас кейіпкер – Елбасы рөлін Мәдениет қайраткері Азизжан Искандеров сомдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы Арқа төсіне көшірудегі саяси қадамы, маңызды рөлі көрсетілген қойылымның тұсаукесері Бейбітшілік және келісім сарайында өтті.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында Ұлы Даладағы мыңжылдықтар тоғысында 20 жыл ішінде жаңа Қазақстанды бейнелейтін тамаша қала салынды. Астананы көшіру бастамасы бірден қолдау таппаса да, Елбасының табандылығының арқасында ешбір кедергіге, күдіктерге қарамастан, Арқа төсінде әсем шаһар бой көтерді. Жас астананың жетістігіне деген сенім Қазақстан халқының қолдауына ие болды, жауапты саяси шешім өз мақсатына жетті. Бүгінде «Елбасы. Тәуелсіздік. Астана» ұғымдары бір-бірімен қабысып кетті. Астана – Қазақстанды жаңғыртудың, оның жетістіктері мен алға жылжуының басты нышаны, әлемдегі бейбітшілік пен келісімнің бағаналы, басты ордасы. Жастардың, болашақтың қаласы.
Қойылым Елбасы санасында астананы Арқаға көшіру идеясының шырағы тұтанған сәттен бастап, сол идеяның жүзеге асқанға дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Монолог арқылы көрерменмен диалог орнатқан кейіпкер жан жүрегін толқытқан, көңіліне тыныштық бермеген ойларды тебіреніспен айтады. Қаз-қаз басқан жас мемлекеттің алдында тұрған қыруар істің қиюын тауып, тығырықтан шығар жол іздеген Елбасының көркем бейнесі бітім жасауда, шешім қабылдауда, келіссөз жүргізуде барынша ашыла түседі.
«Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруде көп қиындық кездескен. Әу басында қарсылық көп болған. Барлығы сенбеген. Оған біз осы оқиғаның астарына үңілу барысында көз жеткіздік. Соны зерттеп, 1994 жылдың 6 маусымы мен 6 шілдесі аралығында болған саяси оқиғаларды негіз етіп алдық. Сол кездегі қарсылық пен қолдаудың бәрін қойылымда ашып көрсетуге тырыстық. Басты рөлде бір адам. Ол – Президенттің рөлі. Қалғандары − жазушылар, актрисалар, студенттер мен депутаттар. Бұл қойылым әсем шаһар Астананың 20 жылдығына арналады», деді Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі Мұрат Ахмадиев.
Ал Елбасы кітабы арқылы публицистикалық пьеса жазған драматург Ахметжан Ашири: «Елбасының «Астана – Еуразия жүрегінде», «Ұлы Дала ұлағаттары», «Тәуелсіздік белестері», «Қазақстан жолы» сияқты көптеген кітаптары бар. Бәрін оқып, таныстық. Елорданы Арқа төріне орналастырудағы маңызды қадамы осы пьесаға өзек болды. Елбасының идеясы, оны халықтың, зиялы қауымның талқысына салып, бәрінің пікірін тыңдап, жеті рет өлшеп, бір рет кескен көрегендігі біздің де шабытымызды оятты. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, экономикалық тұрақтылықты ойлап, халық тұрмыс-тіршілігімен әбігер боп жүрген шақта осынау шешім қалай болар екен деген күдік-тұманды сейілту үшін Елбасы қаншама жұмыс істеді. Сандаған кездесу өткізіп, ішкі-сыртқы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Бұл қойылым Нұрсұлтан Әбішұлының бітімгер, бастамашыл бейнесін ашуға талпынған туынды. Оның бағасын құрметті халық бере жатар», деді.
Қойылымнан Елбасының жедел, өткір шешім қабылдай алатын қасиеті, бейбіт сөзге, бітімге жақын болмысы ерекше көрінеді. Мемлекет басшысының халықаралық деңгейдегі қайраткерлік тұлғасын, саясат сардары бейнесін актер Азизжан Искандеров сенімді сомдайды. Монолог арқылы актер-Елбасы көрерменін-халқын айтқанына сендіре біледі. Ал жаңа елорда Астананың әлем алдындағы шырайлы келбеті, маңызды орны менмұндалайды. Бұл қойылым Астанамыздың 20 жылдығына тартылған сыйлықтардың ішіндегі сүбелілерінің бірі болды деп ойлаймыз.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»