Сағынтаев Тоқаевтан қолдау көрсетуді сұрады
Алматы әкімі индустриалды аймақ инвестиция тартып, жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін айтып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт-Тоқаевтан қаладағы индустриалды аймақ жерін кеңейту мәселесін шешуге қолдау көрсетуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қала басшысының айтуынша, индустриалды аймақ инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
«Бүгінде индустриалды аймақты толықтырып жатырмыз. Осы жылдың аяғына дейін жеті кәсіпорын іске қосылып, шамамен 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады», — деді әкім Алматыға барған президентке.
Осы орайда Бақытжан Сағынтаев бұл жобаға инвесторлар қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Қала әкімдігінде бос жатқан 153 гектар жерді игеруге арналған «нақты жоспар» бар екен.
«Жаңа кәсіпорындарды құруға жер жетіспейтін . Алматы индустриалды аумағының көлемін кеңейту мәселесі бойынша сізден көмек сұраймыз. Қосымша 190 гектар жер керек. Ол үшін жер кодексіне өзгеріс енгізу қажет. Яғни мемлекет игілігіне қажет жер учаскелерін еркін экономикалық аймақтардағы сияқты индустриалды аймаққа алуға болады», — дейді ол.
Тағы оқыңыз: 7 жасар алматылық Сағынтаевқа ерекше ұсынысын айтып, жұртты таңғалдырды
Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматыға барған. Ол мегаполисте 2 күн болып, бірқатар объектілерді аралайды деп жоспарланып отыр.
sputniknews.kz