Сағынтаев Алматыдағы білім беру нысандарын аралады

0

Астана, BAQ.KZ. Алматыға жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев білім беру саласының қызметкерлерімен Президент Жолдауын іске асыру аясында техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру мәселесі бойынша кездесу өткізіп, оқыту жүйесімен және білім алушыларға жасалған жағдайлармен танысу мақсатында бірқатар білім беру мекемесін аралады.

Алматы қалалық ТжКББ оқу мекемелерінің басшыларымен кездесуде біліктілік орталықтары арқылы мамандарды дайындаудың жаңа моделдері, сондай-ақ колледж студенттеріне білім алу жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланды.

Премьер-Министр Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайларында мамандарды даярлау сапасын арттыру қажеттігіне назар аударды. Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын жылдамдатып жаңғырту туралы міндет қойды. Сонымен қатар, жаңа технологияларды енгізуді ескере отырып, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан мамандарды қайта оқыту мәселесі өзекті болып отыр. Білім саласы дағдыларды үнемі жетілдіріп отырумен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие түбегейлі жаңа мамандықты меңгеруді талап ететін үздіксіз процеске айналуда.

Адам капиталы бірінші орынға қойылған. Осыған орай, барлық өңірлерде қажетті дағдыларды үйрететін біліктілік орталықтарын құру қажет. Сонымен қатар, аталған орталықтарды жарақтандыру мәселесіне үлкен назар аудару керек. Бұл қазіргі таңның шынайылықтарына барынша жақын мамандарды шығаруға жол ашады. Бұған қоса, азаматтардың ыңғайлылықтары мен қайта оқыту жүйесінің тиімділігін артыру үшін өңірдегі сұранысқа ие қызмет салалары, мамандықтар, ірі кәсіпорындардың қандай да бір маманға деген қажеттіліктері туралы ақпарат баршаға қолжетімді болуы тиіс.

Бүгінгі күні Үкімет жұмысшы кадрларды дайындау бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 821 ТжКББ оқу орны бар, 213 мамандық және 693 біліктілік бойынша мамандар оқытылады. 486 колледжде дуальды оқыту енгізіліп жатыр, жүйеде 40 мыңнан аса білім алушыны қамтитын 3993 кәсіпорын бар. Түлектер арасында жұмыспен қамтылу деңгейі 92%-дан асады. Сонымен қатар, дуальды білім беру аясында Германияның Еңбек министрлігімен кәсіптік білім беруді жаңғырту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Б. Сағынтаев қатысушыларға білікті мамандарды даярлауда халықаралық стандарттарға назар аудару маңызды екенін айтты, бұл түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Мәселен, Астана қаласында өткен WorldSkills республикалық чемпионатында қазақстандық жастардың үлкен әлеуеті, ең озық технологиялар мен дағдыларды игеруге деген ынтасы сезілді. Дегенмен, елдегі кадрлық мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін білім беру мекемелері мен жұмыс берушілер арасындағы қарым-қатынасқа ерекше назар аудару керек.

Талқылау барысында білім беру жүйесінің өкілдері мамандар даярлау саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. «Кәсіпқор» холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасы Е. Күзенбаев кездесуге қатысушыларға ТжКББ мамндарын даярлаудағы өзгерістердің тұжырымдамалық тәсілдері туралы айтып берді. Оның пікірінше, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртудың басты шаралардың бірі — Құзыреттілік орталықтарын құру. Аталмыш шара ТжКББ-ны жаңғыртудың бірнеше негізгі бағыттарын кешенді шешуге мүмкіндік береді: бұл ұйымдардың мобильдігі және жеке даму бағдарламаларының сапасын жақсарту. KNAUF оқу орталығының жетекшісі О. Сотниковтың айтуынша, компания өз қызметінде құрылыс саласына жаңа технологияларды меңгерген мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөледі. Мәселен, зауыттың өндірістік базасында құрылған орталықта 14 мыңнан астам тыңдаушы білімін жетілдірген.

Алматы қалалық құрылыс және халық қолөнерінің колледжі директоры Қ. Жамангөзовтың өз сөзінде мұғалім мәртебесі мен еңбек ақысын төлеу мәселесінің маңыздылығын атап өтті. Негізінде білім беру саласының қызметкерлерінің, оның ішінде оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің жалақысы тікелей лауазымдық қызметақыға байланысты. Осы бағытта халықтың табысының деңгейін көтеру жөніндегі Елбасының Жолдауын орындау аясында атқарылып жатқан жұмыстар өте маңызды. Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің өндірістік оқыту шебері Қ. Әбелдинов WorldSkills Kazakhstan қозғалысы халықаралық деңгейдегі білікті мамандарды қалыптастырудағы маңызды рөл атқаратындығын атап өтті. Шебердің пікірінше, Қазақстанда аталған бағытты одан әрі дамыту қажет, жас мамандарды барынша тереңінен дайындап, халықаралық деңгейге шығу керек.

Жан басына қаржыландыру аясында бизнесті ынталандыру және тәжірибеге бағдарланған білім беруді жетілдіру мәселелерін Алматы туризм дәне қонақжайлық колледжінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі директорының орынбасары И. Анаятова көтерді. Оның айтуынша, жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы ТжКББ мамандарын дайындауды қаржыландыру мамандарды теориялық және практикалық оқытуды ұйымдастырудың және жүзеге асырудың, сондай-ақ, тиісті білім беру ортасын құрудың барлық шығындарын ескереді.

Бұдан өзге, кездесу қатысушылары ТжКББ ұйымдарын аккредитациялау, студенттерді қолдау шараларын дамыту, соның ішінде инженерлік бағыт бойынша гранттар санын ұлғайту және жатақханалармен қамтамасыз ету мәселелерін қозғады.

Сондай-ақ, мәселені талқылауға білім және ғылым министрі Е. Сағадиев пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев қатысты.

Кездесудің қорытындысын шығара отырып, Премьер-Министр Б. Сағынтаев Үкіметте мамандарды техникалық даярлау мәселесі тұрақты негізде қаралатынын атап өтті. Сонымен қатар, мемлекет пен бизнестің бірлескеен күш-жігерімен жоғары білікті мамандарды даярлау және еліміздің кәсіпорындарында шетелдік жұмыс күшінің үлесін төмендету мақсатында кәсіби-техникалық білім беру жүйесін қайта құру қажет. Сонымен қатар, Қазақстанда WorldSkills қозғалысын одан әрі дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан командасының халықаралық чемпионаттарға сәтті қатысуы еліміз туралы күллі әлемге жария етуге, осылайша шетелдік инвесторларды тартуға жол ашады.

Қалада болашақ мамандарды даярлау сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысу жұмыстары бірқатар білім беру инфрақұрылымының нысандарын аралау барысында жалғасын тапты, атап айтсақ: Қазақстанның интеллект мектебі, Алматы құрылыс-техника колледжі, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті.

Б. Сағынтаев Қазақстанның интеллект мектебінде оқу сыныптарын, кітап оқу аймақтарын, спорт және акт залдарын аралады. Қала әкімінің орынбасары А. Қырықбаев мектеп ІВ (халықаралық бакалавриат) бағдарламасы бойынша жұмыс істейтінін айтты. Осылайша, аталған оқу орнының түлектері әлемнің үздік университеттеріне оқуға түскен кезде 15% артықшылыққа ие болып, бірден ІІ курсқа қабылдана алады. Құрылтайшы — Gateway компаниясы екенін айта кеткен жөн. Оның штаб-пәтері Сингапурда орналасқан, әлемнің 5 құрлығында 15 елде аймақтық кеңселері бар. Компания мектеппен қатар, Алматыда балаларды сәби шақта дамыту орталығы мен жалпы білім беретін мектеп ашқан. Қала әкімдігінің деректеріне сәйкес, құрылыс Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында Алматыны дамытудың 50 драйвер жобаларының қатарына кіреді.

Сонымен қатар, Премьер-Министрге Президенттің халықтың, соның ішінде білім беру жүйесінің қызметкерлерінің табыс деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы туралы баяндалды. Алматы әкімдігінің деректеріне сәйкес, Алматының білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен мұғалімдерінің 70% жуығының еңбекақысы 30%-ға өскен. Өз кезегінде, алғаш рет 1 қыркүйектен бастап ұлттық біліктілік тестілеуінен өткен 1293 мұғалім лауазымдық еңбекақыларына 30-дан 50%-ға дейін қосымша үстеме ақы ала бастады. Бұдан өзге, ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерге қолдау шаралары ұсынылуда. Осылайша, екінші жыл физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде беретін мектептердің мұғалімдеріне лауазымдық айлықтың 200% көлемінде ақы белгіленген.

Премьер-Министр Алматы құрылыс-техникалық колледжі жұмысының мысалында жұмыс мамандықтары бойынша білім беру және дағдыларды үйрету сапасымен танысты. Мұнда ғимаратты құрғақ құрылыс, дәнекерлеу ісі, автокөлік құралына техникалық қызмет көрсету, жиһаз өндірісі, электр монтаждық және сантехникалық жұмыстар жүргізу, сондай-ақ, еңбекті қорғау бойынша арнайы технологиялармен техникалық жарақтандыру мәселесіне көңіл бөлінді. Бүгінгі таңда колледж жеті мамандық бойынша 1042 студентті даярлап жатыр. Колледжде қосарлы білім беру жүйесі және оқытудың модульдік технологиясы енгізілген. Колледж директоры И. Нұрмұханбетованың айтуынша, 100-ден астам ұйыммен және кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнатудың арқасында түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші 100% жетіп отыр.

Айта кету керек, мамандарды дайындау, қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру мақсатында колледж базасында төрт ресурстық орталықтан тұратын салалық кластер ұйымдастырылған, атап айтқанда: «АСТК – Кнауф Гипс Қапшағай», «АСТК – Bosch электр құралдары», сондай-ақ жиһаз өндірістері мен дәнекер ісі орталықтары.

Б. Сағынтаев жоғары білім беру сапасымен Елбасы тапсырмасымен халықаралық АТ мамандарын дайындау мақсатында құрылған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін (ХАТУ) аралау кезінде танысты. Бүгінде «Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің» ұлттық рейтингінде аталған ЖОО «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамсыздандыру» және «Ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша І орында тұр.

ХАТУ ректоры Д. Шыныбеков бар болғаны 2009 жылдан бері барлық деңгейде 4154 студент дайындалғанын, оның 70% жуығы — мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқытылғанын атап өтті. Оқытушылар құрамы ғылым докторлары мен кандидаттарынан, PhD және DBA, «Болашақ» бағдарламасының түлектерінен және шетелдік оқытушылардан құралған. Бұған қоса, университет Азия, Еуропа және АҚШ-тағы білім беру алыптарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Қазіргі таңда ХАТУ студенттері халықаралық кейс-чемпионаттардың жеңімпаздары және Zhastar Innovation, TG Fair, Kazakhtelecom Hackathon, Nurintech және т.б. көптеген инновациялық жарыстар мен байқаулардың жүлдегерлері.

Сонымен қатар, Премьер-Министрге білім беруге қолайлы жағдайлар жасау мақсатында 1000 адамға арналған 2 жатақхананың құрылысы аяқталып, 200 орынға арналған 1 жатақхана жаңғыртылғаны баяндалды. Бұдан өзге, әкімдік 2020 жылдың соңына дейін 27 ЖОО-да 21 080 орынға арналған 40 жатақхананы салып, пайдалануға беруді көздеп отыр.

Алматы қаласының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 66120 адамды қамтитын 81 колледж бар, оның ішінде 23 459-ы мемлекеттік, 42 661-і жекеменшік колледждерде оқиды. Мамандар 98 мамандық және 163 біліктілік бойынша дайындалады. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің 26 білім беру мекемесінде 4897 адам оқиды (ҚР бойынша 348 оқу орнында 36 356 адам оқиды).

Бүгінгі таңда Алматыда 145 мың адамы бар 39 ЖОО бар. Олардың ішіндегі 7 ұлттық және 1 мемлекеттік оқу орнында 66,8 мың студент білім алып жүр. Басқа 31 университет — 78,2 мың адамы бар жекеменшік оқу орындары. Қалада 130 мың студент бакалаврға, 12,3 мыңы магистрантқа оқып жүрсе, 2,7 мыңы болашақ докторанттар. Алматының 2018-2019 оқу жылына білім білім беру грантының 40% -ы Алматыда, олар көш бастап тұр. Бүгінгі таңда мемлекеттік грантпен оқуға түскен стиуденттер саны — 28 мың (55% немесе 10 мың адамға өскен), оның ішінде бакалавриат та оқып жүрген 22 мың баланың гранты келесі бағыттарға бөлінген: гуманитарлық ғылымдар — 10 мың және техникалық мамандықтар — 12 мың, магистратура — 4,7 мың және докторантура — 1,2 мың.

Тәуелсіздік жылдарында Алматыда 117 білім беру мекемесі салынды. Соңғы бес жылда қалада білім беруді қаржыландыру деңгейі 37%-ға немесе шамамен 27 млрд теңгеге артты. Бұл орайда білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Тек биылғы жылдың өзінде құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарына 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ