Садриддин Ахмедовтың ұлты кім: боксшы өзі жауап берді

0

АСТАНА, 29 қаңтар — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. 26 қаңтар күні жиырма жастағы қазақ боксшысы Садриддин Ахмедов кәсіби рингте жетінші кездесуін өткізіп, қарсыласын нокаутқа жіберді. Осы жеңісінен кейін қазақ баласы WBC нұсқасы бойынша бірінші орта салмақтағы жастар арасында әлем чемпионы атанды. Бұл жолы қазақстандық боксшының қарсыласы мексикалық Абрахам Хуарес болған-ды.

Садриддин Ахмедов 1998 жылы 31 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласында дүниеге келген. Өзінен бөлек отбасында төрт ағасы мен үш әпкесі бар. Есімін «Садриддин» деп әкесі жағынан туыс болып келетін әпкесі қойған. Араб тілінен аударғанда «Исламның мақтанышы» деген мағынаны білдіреді.

«Өзімнің қазақ екенімді айтудан ешқашан шаршамаймын»

Бірнеше күн бұрын қазақстандықтар әлеуметтік желіде ұлының жеңісіне қуанып жатқанын жарыса жазды. Осы кезде боксшының ұлтына қатысты пікірталас туындаған болатын. Бірі оның таза қазақ екенін айтса, енді екіншілері өзбек, түрік, тәжік ұлтының азаматы деп жатты. Бұл пікірталастың нүктесін боксшының өзі қойды.

«Маған әлеуметтік желі арқылы «Қазақсыз ба? Өзбексіз бе? Әлде басқасыз ба?» дегендей сұрақтар өте көп келеді. Осындай сұрақ қоюшыларға ашуланып көрген емеспін. Оларға әрдайым қуаныштымын. Өзім Қожа руынан шыққанмын. Қожалардың түр-әлпетінің аздап қазаққа келмейтіні рас. Бірақ мен қазақпын және өзімді қазақпын деп айтудан ешқашан шаршамаймын. Мұны сөзбен де айтып, ісіммен де дәлелдеуге әзірмін. Осындай қазақ елінде қазақ болып туғаныма Аллаға мың да бір шүкір. Қазақ еліме жоғарыдағыдай сұрақтар қойғаны үшін ешқандай ренішім жоқ. Ең бастысы, жүрегім қазақ деп соғатынын білсе болғаны», — дейді Садриддин Ахмедов.

Тағы оқыңыз: Садриддин Ахмедов 2018 жылдың қазақ халқына ауыр тигенін айтты

Кәсіби бокстағы карьерасын бастағанына бір жыл болған боксшы барша қазақстандықты шулатқан жеңісінің ұзақ сапардағы алғашқы қадамы ғана екенін жеткізді. Бойын үлкен қуаныш кернеген сәтте тәубесіне келіп, барынша сабыр сақтауға тырысатынын айтады.

«Бұл жеңістен кейін өмірім түбегейлі өзгеріп кетті деп айта алмаймын. Оның үстіне мұны үлкен жеңіс демес едім. Әрине, іштей белгілі бір дәрежеде қуанышты екенім сөзсіз. Әсіресе, қазағымның көк туын шетелдің төрінде желбіреткенім үшін. Аз да болсын қазақ елінің атының шығуына үлесімді қосқаным үшін. Десе де, бұл үлкен жеңістердің бастамасы ғана. Алдымдағы есік ашыла қоймады, мен бар болғаны дәл қазір оның тұтқасынан ұстап тұрмын», — дейді боксшы.

«Жаратқанның маған бұйыртқан бағы деп білемін»

Садриддин 7 жаста болғанда оның отбасы Астана қаласына көшіп келеді. Осы қалада мектепке барып, көп ұзамай бокс үйірмесіне қатысады. Жаттықтырушылар оның бойындағы ерекше талантты байқап, көптеген турнирге қатысуына түрткі болады. Спортшы боксқа келуіне себепші болған күн туралы айтып берді.

«Әкемнің туған ағасын «ата» деймін. Осы атам мені бір күні ұлының жарысына алып барды. Ағам екеуіміз кішкентайымыздан бір анадан туғандай жақын болып өстік. Өкінішке қарай, ол финалда қарсыласынан жеңіліп қалды. Осы сәт өзіме қатты әсер етіп, атама «Әлгі ағамды жеңген боксшымен мен жұдырықтасайыншы» деп жылағаным есімде. Кейін бокс үйірмесіне қатысқым келетіні туралы әкеме айтып, рұқсат беруін өтіндім. Алғаш жаттығу залына әкемнің өзі ертіп келген болатын», — деді боксшы.

2015 жылы Қарағанды қаласында Ғалым Жарылғаповтың құрметіне өткен турнирде аты аңызға айналған боксшы Рой Джонс Кіші Садриддинге қолтаңбасы қойылған қолғабын сыйлаған болатын. Боксшы бүгінде осы былғары қолғаптың сәттілік әкелетін бойтұмарға айналғанын айтады.

Спортшы 10 жасынан бастап Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Мәулет Мұстафиннің қоластында жаттығады. Мектеп қабырғасында оқып жүріп көптеген турнирдің жеңімпазы атанады. Кейін Қазақстанның жастар құрамасына шақырылады. 2016 жылдың қараша айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен жастар арасындағы халықаралық чемпионаттың финалында украиналық Павло Гуладан басым түсіп, жеңімпаз атанады.

19 жасында 2016 жылдың Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов пен 2017 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері Абылайхан Жүсіповпен қатар 69 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде үздік атану үшін Қазақстанның ересектер құрамасына шақырылады. 2017 жылдың сәуір айында осы салмақта Таиланд елінің Бангкок қаласында Король кубогын жеңіп алады. Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы олимпиада ойындарының күміс жүлде иегері өзбек Шахрам Гиясов финалда онымен жұдырықтасудан бас тартты. Осы жылдың маусым айында Садриддин Ахмедов Астана қаласында Қазақстан президентінің кубогын иеленеді. Финалда өзбек боксшысы Бобо Усмон Батуровпен бақ сынасқан болатын.

Садриддин Ахмедов бұл жеңістерінің барлығы, алдымен, Жаратқанның қолдауының арқасында екенін айтады. Бүгінде ол бес уақыт намазын қалдырмай оқып жүр.

«Бірнеше минут бұрын Instagram желісі арқылы қазақстандықтарға алғыс білдіріп, қошеметтеріне қатысты бірер пікір жаздым. Расымен де, көптеген азамат тарапынан тамаша мақтау сөздер естіп жатырмын. Қуанышымда шек жоқ екені сөзсіз. Мұның барлығы менен бұрын Жаратқанның маған бұйыртқан бағы деп білемін. Сол себепті бірінші Алланы, екінші Мұхаммед пайғамбарымызды мадақтап жатса қуанар едім.

Намаз оқып, боксқа келгелі көп нәрсе үйренгенім рас. Адамдармен қарым-қатынасым бұрынғысынан да жақсара түсіп, жақсы дос таңдай білуді үйрендім. Әр жекпе-жектің алдында бойымда қобалжу болады. Шаршы алаңда еліңнің намысын қорғайтындықтан, бұл заңды да шығар. Осы кезде маған жүректегі иманым көп көмектеседі. Сондай-ақ Алланың бес парызының бірі — намазды ешуақытта оқып жатырмын деп міндетсінбеймін», — дейді боксшы.

Мәдина Сәдуақасованың әні боксшыға қалай әсер етті?

Әрі қарай спортшы кәсіпқой бокста «Қазақ сарбазы» деген лақап атты таңдауына не себеп болғанын түсіндірді. Бала күнінде эстрада жұлдызы Мәдина Сәдуақасованың орындауындағы «Сарбаздар» әнін сүйіп тыңдаған екен. Айтуынша, қазақ сарбазы деген қолынан барлық нәрсе келетін, басшылық қабілеті зор, әлемдегі ең мықты адам деп ойлаған. Тіпті, президенттен де асып түседі деп ой қорытқан.

«Балалық шағымда анам тамақ істеп қойса да, далада үйге кірмей ойнап жүре беретінмін. Сол кезде мені «Тамақ ішпесең, сарбаз бола алмай қаласың» деп қорқытып кіргізіп алатын. Осылайша «Қалай болғанда да сарбаз болуым керек» деп армандап өстім. Есейе келе бала күнімдегі арманыма жеткенімді түсіндім. Дәл қазір көкейімде жүзеге асуын күтіп жүрген арман көп. Бірақ олар туралы орындалған соң ғана айтуды жөн көремін», — дейді боксшы.

«Мектепте жақсы оқыдым деп өтірік айтпаймын»

Бүгінде кітап оқуды хоббиге айналдырған Садриддин Ахмедов мектепте үздік оқушылар қатарынан болмағанын жасырмайды. Есесіне мектеп қабырғасында жүргенінде спортты ауадай қажет дүние санаған. Көптеген ұстазы боксты екінші орынға ығыстырып, білімге көңіл бөлуге кеңес берген екен. Осы орайда сүйікті спортына бола көп ұрыс естігенін де еске алды.

«Мектепте жақсы оқыдым деп өтірік айтпаймын. Өйткені бар ойым бокста болғандықтан, сабақты тиісінше оқи алмадым. Апайлар «Ертең көшеде қара жұмыс істеп жүресің. Одан да оқы» деп ұрысатын. Осы кезде «Әлі әлем чемпионы боламын. Сол кезде алдыңызға келемін. Көресіздер» деп өз-өзіме іштей ашуланып уәде беретінмін. (Күлді.) Әрине, кез келген ұстаз бұл сөзді тек шәкіртіне жаны ашығандықтан айтады. Өкінішке қарай, мұны шалалықпен кеш түсініп жатамыз. Сондай-ақ білім қашан да артық болмайды. Көп оқушы осыны ескерсе екен деймін. Жоғарыдағыдай ұрысқан ұстаздарыма бүгінгі таңда ренішім жоқ. Әрдайым алдында басымды иіп сәлемімді беруге, алғыс айтуға дайынмын. Есесіне кітап оқуды бүгінде қолға алып жатырмын. Соңғы оқыған кітаптарымның бірі —  «Алдын ала өртенгендер». Арабтардың қыздарды қалай тәрбиелегені туралы туынды. Бірақ бұл кітапты оқуға ешкімге кеңес бермес едім», — дейді Садриддин Ахмедов.

Чемпион бос уақытында кітап оқып қана қоймай, гитарада ойнап, ән айтады. Миды тынықтыру үшін арасында сурет салады. Көбінесе туған ағасы Сұлтан Ахметтің, Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлінің, Димаш Құдайбергеннің әнін тыңдағанды жақсы көреді.

Осы орайда қазақ әртістерін «той әншісі» немесе «эстарада әншісі» деп бөлмейтінін жеткізді. Дәл осылай кез келген қазақстандық боксшыдан сабақ алуға тырысатынын айтып, олардың арасындағы үздіктерді атаудан бас тартты. Айтуынша, барлық қазақстандық боксшының жекпе-жегін қарап, іштей жеңіске жетуіне тілекші болып отырады.

«Осы жасқа дейін бокста боламын деп белгілі бір санды көрсете алмаймын. Себебі, күн сайын аты аңызға айналған спортшылардың өзі бокстан кетіп, кейін қайта оралып жатыр. Бокс — есірткі секілді дүние. Басында қатты қызығып, кейін одан шаршай бастайсың. Тіпті, жүрек айнитын кездер болады. Бірақ, бір ай демалып қалсаң, қатты сағынасың. Сол себепті карьерамды қашан аяқтайтыным туралы сұрағыңызға жауап беруге қиналамын», — деді спортшы.

20 жастағы чемпионның қандай кемшілігі бар?

Садриддин Ахмедов бүгінде Канаданың Монреаль қаласында ғана жаттығып жүр. Әрдайым жеңіске жетуіне себепші болып жүрген үш бірдей жаттықтырушысы бар. Олар — Марк Рамзи, Сем Декари және Дэмон Кюри. Айтуынша, бұлардың үшеуі де Канаданың ең мықты деген жаттықтырушысы. Сондай-ақ үшеуінің жұдырықтасу стилі бір-біріне ұқсамайтынына назар аударды.

Алдағы уақытта қазақстандық боксшының кезекті қарсыласының кім болатыны белгісіз. Есесіне келесі жекпе-жегін наурыз айына жоспарлап отыр. Мақсат — үлкен шаршы алаңға шығып, өз салмағында бар белбеудің барлығын иелену.

Боксшы салмақ қуған кезде ашуланшақ мінезге ие болатынын жасырмайды. Бірақ, біреуді ренжітіп қойған жағдайда бірден кешірім сұрап, қатесін түзетуге тырысады екен.

Тағы оқыңыз: 2018 жылғы спорттағы жеңілістер

«Осы күнге дейін орынсыз ашуланған кезім болды деп айта алмаймын. Бірақ кез келген спортшы адам баласы болған соң, бұл сезімнің не екенін жақсы біледі. Әсіресе, салмақтан арылып, қарның ашып жүрген кезде (Күлді.) Осы күндері іштей жұдырығыңды ала жүгіргің келетіндей бір сезімдер бойды кернейді. Алайда саналы қоғамның бір мүшесі болғандықтан, жұдырықты тек шаршы алаңда жұмсауға тырысамын. Оның үстіне айналадағылар да спортшыларды көп ашуландыра бермейді деп ойлаймын», — деді Садриддин Ахмедов.

Боксшының жүрегін жаулаған ару кім? Гонорары қанша?

Мұнымен қатар, спортшы алғаш рет болашақ жары мен гонорары туралы айтты. Бірақ осы қос тақырыпта әңгіме қозғағанды көп ұната бермейтінін де жасырмады. Шетелде бар уақытын жаттығуға ғана арнайтындықтан, нәзік жандылармен толыққанды қарым-қатынас құру қиын екеніне тоқталды. Сондай-ақ болашақ жарының қазақ қызы болғанын қалайтындықтан, сүйіктісін тек отанда жолықтырсам деген ниетте.

«Дәл қазір жүріп жүрміз, өте жақсы қарым-қатынастамыз деп айтатындай қызым жоқ. Қазақстанға барған кезде жолықтырып қалмасам, дәл қазір сүйіктімді кездестіре қоймадым. Өміріңде көп нәрсе жүрген ортаңа байланысты өзгереді екен. Осы орайда, әрдайым қорған болып, қажет кезде ақыл-кеңесін бөлісетін Батыр Жүкембаев, Абылайхан Құсайынов және Нұрзат Сабыров секілді ағаларыма алғыс айтқым келеді. Олар — өте білімді, иманды азаматтар. Ал жақсы аруды жолықтыру үшін алдымен өзің түзелу керексің деп ойлаймын. Яғни екінші адамға талап қоймас бұрын соған өзің лайық болуың керек. Ешуақытта танымал әншіге немесе актрисаға көзім түскен емес. Жалпы өмірлік серігімнің атқа мінгенде асыңды әзірлеп, әрдайым қолдау білдіретін жан болғанын қалаймын. Ал алып жатқан гонорарым өзіме де, отбасыма да жетеді. Маған он мың теңге берсе де, оны орнымен жаратуға тырысатын едім», — дейді боксшы.

«Жастардың мойнында таудан ауыр жауапкершілік бар»

Садриддин Ахмедов 2018 жылы болған жайсыз оқиғалар мен орны толмас қазалардың өзін де есеңгіреткенін айтты. Жуырдағы жеңісін қазақ халқының көз жасына арнауына да өзекті өртейтін оқиғалар себеп болған екен. Осы орайда ол қазақстандық жастарды жаңа бастамаларды батыл қолға алып, биік белестерді бағындыруға шақырды.

«2019 — бұл жастар жылы! Еліміздің жастары — мына біздерге халқымыз үлкен үміт артуда жəне біздің мойнымызда таудан ауыр үлкен жауапкершілік бар! Өмір бойы «қазақ» деп еліміздің өркендеу жолына өмірін арнаған атамыз Мұстафа Өзтүріктің «Мен спортта чемпион болсам, сендер білім жолында чемпион болуға қызығыңдар» деген сөзі жəне кезінде осыдан 3 ғасыр бұрын қазақ ханы Абылай хан атамыздың «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда — қапы қалып жүрмелік» деген сөзі қазіргі таңда өте өзекті. Сондықтан да сол өсиеттерді басшылыққа ала отырып әрдайым білім алуға, елімізді дамытуға, əлемге танытуға ұмтылайық! Шын мəнісінде еліміздің болашақта қандай болуы біздің қолымызда!» — дейді Садриддин Ахмедов.

Сондай-ақ осы күнге дейін өзін қолдап, қошемет білдіріп келе жатқан жанкүйерлеріне алғыс айтты.

Естеріңізге сала кетсек, соңғы кездесуден кейін Садриддин Ахмедов BoxRec.com сайтындағы рейтингте 116 сатыға көтеріліп, 85-орынға жайғасты.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/