«Садақа беруді тоқтату керек»: Аружан Саин тілемсек балалардың мәселесін көтерді — Қазақстан жаңалықтары

0

Еліміздің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин тілемсек балалар туралы сөз қозғады. Ол қазақстандықтардан мұндай балаларға садақа бермеуін, сонымен қатар олар туралы ақпарат пен фотосуреттерін жіберуді сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Аружан Саин Instagram желісіндегі жазбасында көшеде қайыр тілеп жүретін балалар мен кішкентай баланы ұстап, қайыр тілеп отыратын ересектер туралы өзіне көп жазатынын айтты. Ол мұндай балаларға көмектесу үшін, қаазқстандықтардан баламен бірге жүрген тілемсектердің және балалардың фотосуретін, сонымен қатар суреттің қашан және қайда түсірілгені туралы ақпарат жіберуін сұрады. 

Бұл орайда омбудсмен бір жыл бұрын болған оқиғаны еске алды. Сол кезде Еркін Тәтішев көшеде тілемсек қызды кезіктіріп, полиция шақырған. Алайда осы кезде қыздың «ағасы мен тәтесі» пайда болып, баланы тәртіп сақшыларына бергісі келмеген. 

«Полиция келіп, қызды кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына, ересектерді бөлімшеге алып кетті. Қыз қайыр тілеп жүрген, мектепке барамған.  Алайда ол мектепте тіркелген. Арада бірнеше күн өткеннен кейін қыздың атасы келіп, оған баланы берді», — деп жазды бала құқықтары жөніндегі уәкіл. 

Саинның сөзінше, кәмелетке толмағандардың ісі бойынша инспектор мен аудандық прокуратурадағылар аталған отбасыны үнемі бақылап жүргеніне қарамастан, ақырында қызды «Шымкентке алып кетіпті». Артынша дәл сол қыз қайтадан көшеде қайыр тілеп жүрген. 

Омбудсмен бүгінде ол қыздың 8 жаста екенін және оны табыс көзі ретінде пайдаланғаннан кейін, есейгенде қандай болатыны айтпаса да түсінікті екенін жазды. 

«Әзірге кішкентай, адамдардың аяушылығы арқылы ақша табады, ал есейгенде не болады?» — дейді Саин. 

Сонымен қатар Аружан Саин банкирдің қыздың отбасына көмек қолын ұсынып, анасы, «ағасы мен тәтесін» жұмысқа орналастыратынын айтқан. Алайда қыздың туыстары мұндай ұсыныстан бас тартыпты.

«Мұндай жағдайды өзгертеуге қандай шаралар көмектесе алатынын түсіну керек. Бастысы, Зүлфия Байсақов өз сұхбатында айтқандай, әзірге тек бір әдіс арқылы күресуге болады: «Қазақстандықтардың барлығы оларға ақша беруді тоқтатуы керек. Олар ақша беруді тоқтатқанда, мұндай балаларды қайыр тілеуге тартпайтын болады», — дейді Аружан Саин. 

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің сөзінше, тілемсек балаға көмектесу үшін, полиция шақырып, тәртіп сақшыларының келгенін күтіп, баланың мұнан арғы тағдырын бақылау керек.



stan.kz