«Садақа»: Ақтөбелік жанкүйерлер тараздық төрешіге ақша аударып жатыр
«Ақтөбе» футбол клубының жанкүйерлері тараздық төреші Сәкен Байымбеттің жеке телефон нөмірін жариялап, оның банк карточкасына ақша жіберіп жатыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы bassport.kz сайтына сілтеме жасап.
Әр жіберілген 100 теңгеге «Садақа», «Сайқымазақ» деген сияқты хабарлама жазылған. Жанкүйерлердің пікірінше, «Тобылмен» болған ойынның есебіне дәл осы тараздық төреші кінәлі көрінеді.
Айта кетейік, «Тобыл» мен «Ақтөбе» арасындағы футболдан Қазақстан премьер-лигасы 23-турының орталық кездесуі даумен аяқталды. Осы ойында «Тобыл» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Шешуші гол матчтың 87-минутында пенальтиден соғылды. Оның авторы – Серікжан Мұжықов. Алғашқы соққыны Стас Покатилов қайтарады. Алайда төреші VAR-дың көмегіне жүгініп, пенальтиді қайта соқтырады.
Сонымен қатар, жанкүйерлердің пікірінше «Тобыл» ойыншысының өз айып алаңында қолымен ойнағанына төреші назар аудармай, олардың қақпасына 11 метрлік айып соққысын бермеген.
Осы жеңілістен кейін «Ақтөбе», «Астана» командасының арасы бір ғана ұпай болды. Елордалықтар «Қайратты» 4:0 есебімен жеңіп, төрт ұпайлық айырманы қысқарта алды.