Сәбит Әбдіхалықов М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры болды

0

Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрын 4 жыл бойы басқарған Сәбит Әбдіхалықов жаңа қызметке тағайындалды. 2018 жылдың 27 желтоқсанында Астана уақытымен сағат 10.00-де Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры болып тағайындалды.

Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігіне Әуезов атындағы академиялық драма театрының баспасөз хатшысы растады.

Сәбит Әбдіхалықов 1992 жылы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтына “Драма және киноактер” мамандығына түсіп, кәсіби деңгейдегі актер мамандығын игерген.

Кішкентайынан “Тамашаны” көріп өскен ол оқу бітірген соң “Бауыржан шоуға” барады. “Тамашада” да, “Бауыржан шоуда” да өнер көрсетіп, кейін 2003 жылы Жанатбек Бәйтеков екеуі “Мафия мен Тақия” театрын ашты.

Көпшілік актер ретінде ғана танитын Сәбит Әбдіхалықов 25-ке жуық сахналық қойылым – сатиралардың авторы.

Кино саласындағы білімін Америкаға барып жетілдіріп келген актер “Қанталапай”, “Любовь в кредит”, “Біздің ауыл Воо” сияқты киноларды түсірген.

Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының ресми парақшасы актердің еңбек жолына қысқаша тоқталып өтті.

«Сәбит Әбдімүтәліұлының тікелей қолдауымен театр әртістерінің ізденісіне, шығармашылықтарына еркіндік беріліп, соның нәтижесінде – Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» шығармасының желісі бойынша сахналанған «Ол» моноспектаклі (реж. Е.Кәрібаев) сахналанды. Бұл спектакльдің ерекшелігі – қойылымның сахнада емес, театр фойесінде өтуі. Моноспектакль – көрермендердің сұрауымен бірнеше мәрте саxналанып, фестивальдерде «Үздік» деген номинацияларға ие болды.

Қазіргі қазақ театрлары арасынан алғашқы болып дала театрын жаңғыртып, «Базарың тарқамасын» (авт.Б.Есенәлиев, реж.Ж.Жұманбай) музыкалық драмасын ашық аспан астында көрермен назарына ұсынып, «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне арнайы Министрліктің шақыртуымен Астана қаласындағы «Этноауыл» Ұлттық мәдени кешенінде Республикамыздан және шет мемлекеттерден келген қонақтарымызға көрсетіліп, дүйім жұртшылықтың көңілінен шықты.

2015 жылдан бастап, жыл сайын дәстүрлі түрде Мәдениет және спорт министрлігінің, министр Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей қолдауы және қатысуымен, Алматы қаласы Өнер ошақтарының арасында достық, ынтымақтастық қатынасты нығайту мақсатында әртүрлі спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырып келеді. Н.Ә.Назарбаевтың «Латын әліпбиіне көшу — қазақ тілін xалықаралық дәрежеге шығару» саясатын қолдау мақсатында балалардың латын қарпін тез әрі ұтымды үйренулері үшін #алғашқы болып арнайы тапсырыспен «Әріптер әлеміне» танымдық ертегісін саxналады. Және тек Алматы қ.көрермендері ғана емес, өзге өңірлерінің арнайы шақыртуымен бірнеше қалаға гастрольдік сапар жасады», — дей келе театр ұжымы театр тариxы үшін қашан да жанашыр басшы болып орын алатын Сәбит Әбдімүтәліұлының алдағы еңбек жолына шығармашылық табыстар тіледі.

«Қамшы» сілтейді