«Сәбиім шетінеп кетті»: Гүлшарат Жұбаева неліктен бала күтушісіне сенбейтіні туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

Актриса Гүлшарат Жұбаева үшінші рет ана атанды. Аман-есен сәбиін дүниеге әкелген ханым Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

Гүлшарат ЖұбаеваСурет: instagram.com/gulsharat/?igshid=4fb1bmaeht77

— Гүлшарат ханым, кішкентайыңыздың бауы берік болсын. Әлеуметтік желіден байқағандай босанға дейін жұмыста жүрген сияқтысыз? Жүктілік мерзімі қалай өтті? Жұмыс жасау қиын болмады ма?

— Жүктілік — ауру немесе дерт емес қой. Сондықтан, жүктілік басталды деп жатып алмадым. Негізі мен үшін тыныш жату қиын сияқты. Үнемі жұмыс пен қозғалыста жүріп үйреніп қалғандықтан, декреттік демалыс деп жата алмадым. Әрине, жұмыстарымды жеңілдетіп, барынша жүктіліктің сәтті өтуін қамтамасыз еттім. 34 аптада үшінші сәбиімді босандым. 

— Шатаспасам, алдыңғы сәбилеріңізді де қиналып, ерте босанған сияқтысыз?

— Иә, негізі менің организім әлсіздеу. Ойлап отырсам, өзім де шала болып туған екенмін. Менің де сәбилерім салмақтары аз немесе айы жетпей дүниеге келіпті. Алайда, Аллаға шүкір үлкендерім саналы азамат болып өсіп келеді. Ал кеше ғана 34 апта болып дүниеге келген сәбиім қазір жанымда. Денсаулығы жақсы.

— Сәбиіңіздің есімі кім? 

— Үшінші перзентіміздің есімін әкесі Мұхаммед қойды. Бойы 45 см, салмағы 2 келі 485 грамм. 

— Қазақта кіндік әке-шеше деген салт бар? Осы жүкті кімге артпақсыздар?

— Кіндік әке-шешені әлі таңдамадық. Негізі кіндік әке-шешені арадағы достық-бауырлықты нығайту үшін, бала сол адамдардай текті болсын деген ниетпен таңдайды ғой. Әзірге білмеймін.  

— Жолдасыңыз босану кезінде қасыңызға кірді ме?

— «Партнёрские роды» қазір трендке айналған сияқты. Алайда, мен жолдасымның жаныма кіруіне қарсы болдым. Әйелге тән дүниелерді ер адамның көруі дұрыс емес деп ойлаймын. Бірақ, ол кісі жақын жерде, яғни дәрігерлерден хал-жағдайымды сұрап, амандығымды тілеп дәлізде жүрді.

— Декреттік демалыста қанша уақыт отыруға ниеттісіз?

— Өз кәсібіммен айналысып жүргендіктен, нақты бір кесте жоқ. Одан бөлек сенімді көмекшілерім де бар. Перзентханадан шыққан соң жұмысымды телефонмен жасай беремін деп ойлаймын. Әрине, сәл аяқ-қолымды жинап, қырқымнан шыққан соң сүйікті жұмысыма міндетті түрде ораламын.

— Бала күтушісінің көмегіне қаншалықты жүгінуге дайынсыз?

— Жоқ, бала күтушісін алғым келмейді. Бұл баланы біз біраз уақыт күттік. Екі баламнан кейін 2016 жылы үшінші рет сәби көтерген едім. Алайда, ерте босанып, ол сәбиім шетінеп кетті. Содан кейін біраз емделіп, күтініп, тілеп алған баламыз екенін жасырмаймын. Бүгін босанып, ертең біреудің қолына тапсырып кете алмаймын. 

— Бала тәрбиесіндегі басты қағидаңыз қандай?

— Бала тәрбиесінде қатып қалған қағидам бар деп айта алмаймын. Алдыңғы екі сәбиімді де бір айдан кейін өзіммен алып, жұмыстарымды бітіріп жүретінмін. Себебі, сол кездерде үй салып жүрдік, кейін бизнестің дами бастаған сәті болды. Бәрін тоқтатып қойып, баланың бетіне қарап отырып бағу деген менде болмаған. Менің балаларым өзіммен бірге көліктің ішінде жүріп өсті деп әзілдейтінім бар.

— Ата-енемен тұратын жұлдызды келінсіз. Қаншалықты оңай? Және келіспей қалушылық, пікір талас орын ала ма?

— Жоқ, біздің арамызда ондай келіспеушілік болған емес, құдай сақтасын. Ол кісілер алтын жандар ғой. Үнемі көмектесіп, қолдап жүреді. Керісінше,  ол кісілер болмаса, мен қиналып қалатын сияқтымын. Маған қарағанда балалардың жағдайын сол кісілер ойлайды. Екі балам ата-әжесінің баласы. Сол кісілерге қатты бауыр басқан. Өнерді де түсінеді.

Кейде балаларды тастап, съемкаларға да кетіп жатамын. Ол кісілер ешқашан жолымды кескен емес. Бір кездері мен фильмдерге түспей кеткен кезде ел ішінде «Ажырасып кетіпті» деген секілді өсек тараған. Сол кезде енем «Екеуің бірге түсіңдер киноға. Барыңдар» деп қолдау көрсетіп, жолдасыммен бірге съемкаларға қатысқан кездеріміз де болған. 

— Үй мен жұмысты оңай үйлестірудің құпия-сыры бар ма?

— Нақты бір ережесін білмедім. Өз басым жұмысты отбасына ыңғайлап алғанмын. Яғни күндізгі уақытта жұмыстарымды бітіріп келемін, ал кеште үнемі үйде боламын. Әрдайым келіндік міндеттерімді атқарып, үй тіршілігін жасап жүремін. Әйел қырық шырақты дейді ғой. Барынша әр іске үлгеруге, пысық болып, ата-енемнің көңілін тауып, қонақ келсе қуана қарсы алып, отбасымның шырағы болуды өз міндетім санаймын.



stan.kz