Сәбидің терісін қызартпайтын жөргектер: Отандық кәсіпкер әйел денсаулыққа зиян келтірмейтін жөргек шығарды — Қазақстан жаңалықтары

0

Ақмарал Ыстыбаева —  2015 жылы кішкентай балаларға арналған көп реттік жөргектер мен жаялықтарды шығаратын брендтің негізін қалаған табысты кәсіпкер, алты баланың анасы. 31 жастағы Тараз тұрғыны дөңгелетіп отырған кәсіп аз уақыттың ішінде қазақстандықтардың жүрегін жаулап, ТМД елдерінде кеңінен таңылып келеді. Жуырда жетінші рет ана атанатын келіншек Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне кәсіпке бет бұруына не түрткі болғанын, көпбалалы ана бола тұра бәріне қалай үлгеретінін, және «Umm Maryam» жөргектерінің өзгелерден немен ерекшеленетінін айтып берді. 

Алты баланы тәрбиелеп отырған кейіпкеріміз алғашында басқа аналар секілді бір рет киюге арналған жөргектерді балаларына кигізіп жүрген. Жөргектер кішкентай ұлдарының нәзік терісіне жақпай, зиян тигізе бастағанда, жөргектің басқа түріне ауысу туралы ойлана бастаған.  

«Егіз ұлдарымды босанғаннан кейін қарапайым жөргектердің кесірінен екі сәбидің денесі қызарып кете беретінін байқадым. Бұдан бөлек пайдаланылған жөргектердің қоқыс болып үйіліп жатқанын көріп: «Әлемде қаншама бала туылады, бір үйден қаншама қоқыс шығарылады десеңші! Адамдар неге матадан тігілген жөргектерді ойлап таппады екен?» деп жолдасыма айтып отыратынмын. Айналамыздың ластанып бара жатқаны да жанымды ауыртады. Оның үстіне екеуіне бір реттік жөргектерді қайта-қайта сатып алуға қомақты қаражат кететін. Осы тақырып бір қозғалды да, жабулы қазан жабулы қалсын дегендей, ұмытылып кетті. Арада кішкене уақыт өткен соң, бесінші баламды өмірге әкелетін кезде көп ретті жөргектерді интернеттен көріп қалып, мұндай да болады екен-ау деп таңғалдым», — дейді келіншек.  

Осыдан кейін Ақмарал Асанқызы көп реттік жөргектің қалай жасалатынына қызыға бастайды. Баланың денсаулығына зияны бар-жоғын анықтайды. 

«Интернеттен іздене бастағанда шетелдегі аналардың бізден әлде қайда озып кеткенін, экологиялық өнімге жиырма жыл бұрын көшкенін білдім. Қазақстанда эко жөргектерді Қытайдан әкеліп сататын бір кісіні тауып, оны да сұрақтың астына алдым. Матадан жасалған өнімнің сәбидің денсаулығына зиянын тигізбейтінін әбден түсінген соң, тәуекелге бел буып, тапсырыспен бес данасын алғыздым. Өмірге жаңа ғана келген бесінші қызыма кигізіп, өнімді тестілеуден өткіздім. Денесінің қызарғаны басылды. Күндіз-түні сол жөргектерді жуып жүрсем де, пайдасы зор болғандықтан тағы да бесеуін алдыртып, бір реттік памперсті мүлдем пайдаланбайтын болдым», — дейді алты баланың анасы.

Көп реттік жөргектердің жақсы екеніне көз жеткізген отандасымыз басқа аналар да осындай эко өнімнің барын білмей қиналып жүрген болар деп ойлайды. Сөйтіп, матадан жасалған жөргекті қазақстандықтарға көрсетіп, оларды нарыққа шығару туралы шешім қабылдайды. Бірақ Қытайда жасалған өнімге көңілі жүз пайыз толмаған соң, сапасын арттырып, өз өндірісін бастап кетеді. Ақмарал Асанқызының айтуы бойынша, ол жөргектерді тігіп беретін фабриканы таңдағанда басты назарды өнімнің бағасына емес, сапасына аударған. Фабрика қызметкерлеріне өзі қойған талаптары міндетті түрде орындалуы керектігін айтқан. 

«Менімен бірге жұмыс істеуге келіскен төрт фабриканың ішінен сапасы мен тігуі жағынын көңілімнен шыққан біреуін таңдадым. Сол жақтың қызметкерлерімен әлі күнге дейін жұмыс істеп келемін. Аллаға шүкір, ізденістің, еңбектің, көптеген қателіктерімнен сабақ алуымның арқасында жақсы нәтижеге жеттік. Өзімнің тәжірибемнен өткен жөргектер болғандықтан оларды сатуға ұялмаймын әрі өнімді жетілдіріп отырудан жалықпаймын. Жалпы, өнімді шығармас бұрын балаға кигенде ыңғайсыздық тудыра ма, тудыртпайды ма анықтап, өлшемін реттеп отырамын. Кәсіпкер емес, ана ретінде қарағандықтан жөргектердің кемшіліктерін түзеймін. Көп реттік жөргектерді салмағы 3 келіден 16-18 келіге дейін жететін ұл-қызға өздігімен дәретханаға барып үйренгенінше кигізуге болады. Қазір біздің ассортиментте премиум және премиум плюс атты жөргектердің екі моделі бар. Әрине, біз шығаратын эко өнімнің бағасы Қытайда жасалғандармен салыстырғанда сәл қымбаттау — 3300 теңге. Себебі, онда үлкен еңбек жатыр. Арым мен ұятым жібермегендіктен Қытайдың бір компаниясы шығарған дайын өнімге логотипімді жабыстырып өзімнің брендімнің атынан шығара алмаймын. Айтып өткенімдей әрқайсысын түзеп, дизайнын ойлап тауып  өндіріске жіберемін. Жөргектер ассортиментінің  ішінде ұлттық нақышта жасалғандары тек қана қазақтардың ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің сұранысына ие. Бірде кішкентай баласы бар кәріс қызы асықтың суреті салынған жөргекті көріп, балалық шағы есіне түсіп кеткенін айттым. Өзге ұлт қызының асық деп аңқылдап тұрғанына сүйсіндім. Ұлттық нақышта жөргектерді шығарғаным үшін клиенттерімнен көптеген жылы сөздер естідім», — дейді Ақмарал Асанқызы.

Қазір бренд шығаратын өнімдердің қатарында жөргектердбен бөлек әйелдерге арналған гигиеналық төсеніштер, жаялықтар бар. 

«Бұл жаялықтарды Қазақстанға бірінші болып біздер алып келдік. Олар баланы шомылдырғаннан кейін еш уайымсыз төсектің үстіне жатқызғанға өте ыңғайлы. Сәби бұтына жіберіп қойса да, мата сұйықтықты сіңіріп алады, әрі қарай төсекке өтіп кетпейді. Сондай-ақ жалаяқ шылқылдақ, су болып тұрмайды. Жөргекпен бірге алып жүргенге өте қолайлы ыңғайлы дүние деп ойлаймын», — дейді ол. 

Кәсіпкердің айтуы бойынша, бренд атауының өзінде терең мағына жатыр. 

Араб тілінен аударғанда «Umm Maryam» — Мариямның анасы дегенді білдіреді. Қытайдың дайын жөргектерін алғызып жай ғана сатып жүргенде әлеуметтік желіге осындай лақап атпен тіркелдім. Сосын адамдар киім сататын дүкендерден, орталықтардан жөргектерді көргенде  «Умм Мариямның» өнімдері ме деп сұрайтын болды. Сөйтіп өзімнің брендімнің атын осылай қалдыра берейін деген шешімге келдім», — дейді ол.

Қазақстанның барлық қалаларымен жұмыс істеп, өнімін көрші елдерге де сататын кәсіпкер отандық тауардың Еуропа өнімінен артық болмаса, кем түспейтініне тоқталды. 

«Шет мемлекеттер бізден әлде қайда дамып кеткен ғой деумен АҚШ пен Ресейде жасалған жөргектерді алғыздым. Шынымды айтайын, оларды біздің өнімдермен салыстырып, айырмасы жер мен көктей екенін, шетелден алынғандардың сапасы төмен екеніне таңғалдым. Америкалық аналар талғампаз емес болғаны ма? —  деп бір күліп алғаным есімде. Жөргектерің кигізгенде ыңғайсыздық тудыртатын жерлері аз емес. «Сатып алғанннан кейін өкініп қалмаймын ба?», — деп сұрап жатады. Мұндай жағдайда сенімсіздік танытқан анаға бір-екі дананы сатып алуға кеңес беремін. Әрі қарай қолданатынын не қолданбайтынын өзі шешеді. Алайда, алғашқы жылдары көп реттік жөргектердің қажеті шамалы деп ойлайтын аналар болса да, қазір артық сұрақ қоймай, сенімділік танытып, тіпті енді ғана туылған кішкентай сәбиіне бірден тапсырыс беретін аналардың саны басым. Кезінде түсінбеген әйелдердің өзі осы жөргектерге бет бұрды. Аналар біздің жөргектерді пайдаланғаннан кейін жүрегі орнына түскенін, эко өнімді қолдана отырып, баланың денсаулығына зиян келтірмей жүргеніне, ғаламшардың ластанбауына түрткі болғанын ескеріп, рахметін айтады. Осыған біз де қуаныштымыз. 

31 жасында алты баланы тәрбиелеп жатқан ана кәсіпті басқаруға қайдан уақыт табасыз деген сұрағымызға 

Бір балаңыз, не екі балаңыз болсын, бәріне үлгеру мүмкін емес. Менің үлкенім —  онда, кішкентайым — үште. Алтауы бір-бірін өкшелеп, тете өсіп келеді. Аллаға шүкір кәсібіме түсіністікпен қарайтын ата-енем бар. Жұмыс бабымен сыртқа шығу керек болады. Сонда ойымдағыны жүзеге асыруға еркіндік беріп, бала қарап қалады. Жасыратын несі бар, ол кісілер болмаса осылай кәсіпті жүргізу қиынға соғатын еді», — деген жауап алдық. 

Қазір Қытай фабрикасына өнімдерін тіктіріп, олардың дизайнынан бастап сыртқы қабына дейін мән беретін Ақмарал Асанқызы болашақта елімізде цех ашуды армандайды. 

«Қазақстандағы кәсіпкерлерді қолдау палатасы мемлекеттің кепілдігімен цех ашып, жұмыс істеуге кеңес берді. Бірақ қазіргі уақытта Қазақстанда тіктіру мен үшін өте қымбатқа түсіп тұрғандықтан қытайлық фабрикада жұмысты жалғастыру туралы шешімге келдім. Елімізде дәл қазір жөргектерді  шығаратын болсам, шығындарға батып кетуім мүмкін. Сәйкесінше, өнімнің бағасы қымбаттайды. Әйтсе де, өз елімде фабрика ашып, аналарды жұмысқа алсам деген арманым бар», — деді кейіпкеріміз. 

«Umm Maryam» бренді жақында целлофаннан бас тартып, сыртқы қапты табиғатқа зиян келтірмейтін материалдан шығару туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, жөргектердің жаңа екі үлгісі де сатылымға шығуға дайын. 
 

stan.kz