Рүстем Есдәулетов атындағы фестиваль басталды

0

Айтулы шараға Қазақстан Жазу­шылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет,  режиссер Ерсайын Тәпенов және Еркін Жуасбек, Бақыт Нұр­пейіс, Меруерт Жақсылықова, Анар Еркебай бастаған белгілі театр сын­шылары қатысты. 

– Рүстем жаңашыл, жаңалықшыл болатын. Армандары көп еді. Қазақ теат­рын қайтсем биік деңгейге көтере­мін деп жүріп тіпті өзін ұмытып еңбек етті. Рүстем үшін бірінші орында үнемі өнер тұратын. Өскеменге келіп тыңнан түрен салып, тосын, тың эксперименттерге барды. Өнер әлемінде өз сүрлеуін салуға ұмтылды. Сол үшін де әлі еш­кім баспаған, ешкім тәжірибесінде қол­данбаған тосын шешімдерге барды. Көрерменін өнердің өз тілімен таң­ғалдыруға жанын берді, – деді Қазақ­стан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет фестивальдің ашылу салтанатына сөйлеген сөзінде. 

Рас, жасындай жарқ етіп, небәрі 31 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түскен талант ғұмыры сан қыр­лы­лығымен, жаңалықшылдығымен дара­ланды. Оның айқын дәлелі – Рүстем Есдәулетов театр режиссері ғана емес, сондай-ақ ақын, актер, кинорежиссер ретінде де көпшілікке жақсы таныс. «Бөрінама» жыр жина­ғының авторы. Өлеңдері «ХХІ ғасыр антологиясына» және басқа да ұжымдық жинақтарға енді. «Лаве», «Обратная сторона» фильмдеріне түсіп, өзі де кино түсірді. Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесінің желісі бойынша түсірген комедиясы 2007 жылы «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде арнайы марапатқа ие болды. Ал театр режиссері ретінде Рүс­темнің қолтаңбасына тиесілі «Атымды адам қойған соң», «Толғақ» сынды спектакльдері де талай фестивальде топ жарып, театр әлемінің жаңалығына айналған болатын. 

Фестивальдің ашылу салтана­тын­да өнер иесінің өмірі мен шығарма­шы­лығын жан-жақты зерделеген «Бө­рінама» деректі фильмінің тұсаукесері өтіп, талант ғұмырынан сыр қозғайтын естеліктер айтылып, режиссердің спек­такльдерінен үзінділер көрсетілді.  

Екі жылда бір рет өткізілетін айтулы фестивальге биыл Өскеменнің өз театр­ларынан бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды, Петропавл, Павлодар, Се­мей қалалары мен Түркістан облы­сының Жетісай қаласынан барлығы 

9 театр қатысып, бақ сынайды. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»