Руслан Жанпейісов не үшін ұсталды – министрлік жауабы
Қысқа сілтеме алу
Зардап шеккен адам блогер өзін мотоциклмен қуып, көзіне аэрозольдік зат бүркіп жібергенін айтып шағымданған. Сондай-ақ, қоғам белсендісі тағы екі бап бойынша істі болды
НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек — Sputnik. Ішкі істер министрлігі қоғам белсендісі және блогер Руслан Жанпейісовтің (Бейбарыс Райымбеков) не үшін ұсталғанын түсіндірді.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 11 маусым күні Шымкенттегі полиция бөліміне қала тұрғынынан арыз түскен. Ол өзін белгісіз біреу мотоциклмен қуып, тоқтаған кезде ешбір себепсіз көзіне аэрозольдік зат бүркіп жібергенін айтқан.
«Тексеру кезінде бейнебақылау камераларының жазбасы зерттелген. Қорытындысы бойынша ұсталған қоғам белсендісінің бұзақылық әрекеті расталған. Бұл факті бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі 2-тармағы («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — деп жазылған хабарламада.
Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, зардап шегушінің денсаулығына орташа деңгейдегі зақым келген. Осыған байланысты 26 қыркүйек күні «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабы (қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі 5-тармағы) бойынша іс қозғалды.
Сондай-ақ, Райымбековтің полиция қызметкеріне тіл тигізуіне қатысты да арыз түскен. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды (378-бап — «билік өкiлiн қорлау»).
Тағы оқыңыз: «Басына пакет кигізіп, түнімен қорлады»: ақтөбелік полицейлер ісі
Райымбеков 26 қыркүйек күні уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ол үш бап бойынша: үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру («бұзақылық»), үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру («денсаулыққа қасақана зиян келтiру») және билік өкілін қорлағаны үшін айыппұл немесе 40 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.
Ішкі істер министрлігіндегілер қоғам белсендісі бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Ол ұрлық, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру және ақпаратты жасырын алудың арнайы құралдарын заңсыз қолданғаны үшін істі болған.
sputniknews.kz