Румынияда қазақ киносының фестивалі өтті

0

Фестиваль шеңберінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жарық көрген «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол», «Құнанбай», «Оралман» және «Жаңғақ тал» фильмдері көрсетілді. Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстанның Румыниядағы елшісі Дәулет Батырашев румын аудиториясын отандық киноөндіріс өнімдерімен таныстыру шарасы мемлекеттердің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының дамуына және екі елдің рухани жақындасуына ықпалын тигізетінін айтты.

Фестивальге қатысқан Асылхан Төлепов көрермендерге «Жаужүрек мың бала» фильмінің түсірілуі туралы айтып берді. Актер бұл іс-шара румын көрермендеріне қазақ халқының тарихы, мәдениеті және дәстүрімен жақын танысуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ фестивальге жергілікті тұрғындар, қоғам қайраткерлері, үкімет, іскерлік және академиялық орта өкілдері, сондай-ақ, Клуж-Напока қаласында оқып жүрген қазақстандық студенттер қатысты. Олар қазақ кинофестивалі қаланың мәдени өмірінде ерекше құбылыс болғанын, бұл шараның Румыния Бірлігінің жүзжылдық мерейтойы қарсаңында өтіп жатқанын айтты.

Қазақ киносының фестивалі Румынияның тағы да бір ірі қаласы – Констанцада да өтті. Бұл қаладағы көрсетілімде румын көрермендеріне «Қазақ хандығы: Алмас қылыш», «Сталинге сыйлық», «Біржан Сал» және «Жат» фильмдері ұсынылды.

Констанца муниципалитетінің және аймақтық әкімшілік өкілдері, екі елдің халқын жақындастыру мақсатында осы тектес мәдени іс-шараларды өткізудің маңыздылығына мән берді. Румын мәдениет қайраткерлері  Қазақстан мен Румыния әртістерінің қатысуымен бірлескен қойылымдар әзірлеу туралы ұсыныстарын ортаға салды.

Отандық фильмдермен шабыттанған румын көрермендері қазақстандық режиссерлердің жұмысына жоғары баға беріп, қазақстандық кино мектебінің ерекшеліктерін атады.

Естеріңізге сала кетейік, Румынияда қазақ киносының  бірінші фестивалі 2017 жылы қарашада айында өткізіліп, ол Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қатынастың 25 жылдығына орайластырылған болатын.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

АЛМАТЫ

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз