«Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы
Өз тарихымызды білу, тарихи оқиғалар мен құбылыстарды тану қазақтардың және басқа да этностық топтардың этногенезіне әсер етеді, сол арқылы біз өткеніміздің ұлылығын терең танимыз. Сол арқылы қазіргі заманғы қазақстандықтардың қоғамдық санасы тарихтың жарқын мысалдарымен жетілдіріледі. «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады» деген ойдың Елбасы тарапынан сеніммен айтылуы Қазақстан халқын жарқын болашағымызға бағыттайды және жігерлендіреді.
Ұлы даланың қырларын ұсына отырып, Президент Н.Ә.Назарбаев ғаламдық тарихта біздің рөлімізді байыпты және объективті түсінуде нақты ғылыми фактілерге сүйенудің қажеттігін айтуы, біздерді – Қазақстан халқын, жас ұрпақты өз тарихымызды тануға жұмылдыру деп түсінуге жетелейді.
Біздің алдымызға қойылған мақсаттарға жету үшін міндетті түрде тарихымызды білуге тиіспіз.
Мен кәсіби мұғалім ретінде, болашақ ұрпақты білім алу аясын кеңейтуге ұмтылуға шақырар едім. Сонда біз мемлекетіміздің үш ұстыны саналатын экономика, әлеуметтік даму және руханият үшеуін де қатар жетілдірер едік. Тарихты тану осылардың ішінде бірегей бағыт ретінде дами түскен болар еді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының игі нәтижелерін жалғастыра түсуге жол ашылды. Ендігі жерде осы бағытқа белгіленген ғылыми және қаржылық ресурстарды тиімді пайдаланып, қазақ хандығынан бұрын өмір сүрген ежелгі бабаларымыздың өндірісі, мәдениеті мен өнерін барынша әділ, мұқият зерттеуге күш салуымыз қажет. Осы орайда бастауы Қазақстан жерінде болған, өмірімізге өшпес із қалдырған құндылықтарымызды жаңа заманда да дамыта түсуіміз маңызды.
Бұл жерде айтайын дегенім, Қазақстанның қызғалдақ пен алманың тарихи мекені екенін ескере отырып, оларды ел игілігіне айналдырсақ, ұлт мақтанышы ретінде қарастырсақ деген ниетіміз бар.
Елбасының жұртшылықтың қызу талқылауы мен пікір алмасуына түскен бұл мақаласы бағзы заманнан келе жатқан асыл құндылықтарымызды қадір тұтуға, тәуелсіз ұрпағымыздың болашағына пайдалануға жол сілтейтін құнды дүние және мақалада аталған барша мәселелер халқымыздың бұл күнге дейінгі тарихы және бұдан кейінгі болашағымен тікелей байланысты. Бұл мақала – біздің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы.
Наталья ЖҰМАДІЛДАЕВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты
Дереккөз: http://egemen.kz/