Рождество біздің өмірімізге оптимизм, рухани байлық әкеледі – Назарбаев

0

Елбасы бұл мейрам  ғасырлар бойы татулық пен ізгіліктің, сүйіспеншілік пен мейірімділіктің символы болып келе жатқанын айтты

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Elbasy.kz.

«Православ христиандарын және барлық қазақстандықты шуақты мереке – Рождествомен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам  ғасырлар бойы татулық пен ізгіліктің, сүйіспеншілік пен мейірімділіктің символы болып келеді. Оның өзегінде зор жасампаз күш, үміт пен үйлесім ұялап жатыр», — деп жазды Елбасы.

Назарбаев Қазақстанда аталып өтетін Рождество және басқа да діни мерекелер біздің өмірімізге оптимизм, рухани байлық, толеранттылық әкелетінін атап өтті. Айтуынша, осы күндері адамның жүрегі ең ізгі сезімдерге толып, мұқтаждарға көмектесуге, жақын жандарға қуаныш сыйлап, қамқорлық жасауға деген ықылас оянады.

«Мәңгілік рухани құндылықтар біздің еліміздегі барлық дін мен этностар өкілдерінің басын біріктіріп отыр. Олар татулықтың, тұрақтылық пен бірліктің берік негізіне айналып, Қазақстанның қарқынды дамуына септігін тигізуде», — дейді тұңғыш президент.

Назарбаев сөз соңында осы жарқын мерекеде баршаға баянды бақыт, игілік пен мықты денсаулық тіледі.