Роза Рымбаева карантиндегі өмірі жайлы

0

АЛМАТЫ, 5 мамыр – Sputnik, Айгерім Таубай. 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атанған әнші Роза Рымбаева сахнада жүргеніне 45 жыл толуына орай күзде жеке концерт береді. Өнер иесі елдегі жағдайға байланысты бірнеше айдан бері жұмыссыз, балаларын зейнетақымен асырап отыр. Дегенмен карантин кезінде шығармашылығын тоқтатып қоймаған. Бұл туралы ол Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Карантиндегі өмірі жайлы

«Әр екі сағат сайын екі ұлыма тамақ әзірлеймін, бұл бірінші орында. Екеуі де шығармашылық адамы, үнемі жұмыста жүреді. Анасы ас пісіріп қойған кезде үйде болмай жатады. Әли бөлек тұрады, алайда қазір бірге тұрып жатырмыз. Бос уақытымыздың бәрін бірге өткіземіз, қыдыруға шығамыз. Мен осыған қатты қуанамын», — деп бастады әңгімесін халық әртісі.

Айтуынша, карантин кезінде шығармашылық жұмысы тоқтаған жоқ. Онлайн форматта екі концерт берген.

«Маған қазір жаңа әндер жібереді, соларды тыңдап көремін. Карантин кезінде онлайн форматта екі жеке концерт бердім, 45 ән орындадым. Мұндай концертті еш әртіс берген жоқ», — дейді Рымбаева.

Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс білдіргенін өзінің бірінші болып концерт бергенімен байланыстырды.

«Мен бірінші болып үлкен концерт бердім, екіншіден, бір емес екі концерт өткіздім. Тағы екі концерттің бағдарламасын дайындап қойдым, біреуі бірінші мамырға, екіншісі Жеңіс күніне орайластырылады. Алайда әлі ешкімнен ұсыныс түскен жоқ. Одан кейін неге жалғыз мен концерт бере беруім керек? Басқа да әншілердің концертін көрдім, біреуі 40 минут, енді бірі бір сағат ән салады», — дейді әнші.

Ол онлайн мен офлайн форматта ән салудың айтарлықтай айырмашылығы жоқ екенін айтады. Себебі телеарнаға түсірілетін концерттің барлығы көрерменсіз өтеді. Алайда елдегі жағдай бір қалыпқа түскен соң көрермен жинап, концерт бермек.

«Әлем елдеріне үлгі боларлық дүние»: Тоқаев Роза Рымбаеваға алғыс айтты 

«Мен әртүрлі әнді орындағанды ұнатамын, соның ішінде романсты, лирикалық әндерді ерекше жақсы көремін. Биыл сахнада жүргеніме 45 жыл болды. Соны атап өтемін. Концерт күзде болуы мүмкін. Әдетте барлық концертім «Көктем шақырады» аталып, көктемде өтетін. Қазір жағдай басқаша», — дейді Рымбаева.

Табыс әкелген «Әлия» әні

Роза Рымбаеваның халықаралық деңгейде танылуына Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әні ықпал етті.

«Әншінің ең сүйікті әні болмайды. Әр ән оның жүрегінің, өмірінің бір бөлшегі. «Әлия» – маған табыс алып келген менің алғашқы әнім. Әннің бағы жануы әншіге, әншінің танымал болуы әнге байланысты. Менің жағдайымда да солай. Менің әнімді менен кейін талай әнші орындап жүр, бірақ мен орындағандай орындай алмайды», — дейді ол.

Баспасөзде «Әлия» әнін алғаш рет 1977 жылы студенттер арасындағы ән байқауында «Жетіген» ансамблімен Нағима Есқалиева орындады деген дерек келтіріледі. Бұл жайлы композитор Сейдолла Бәйтерековтің жұбайы Ләззат Ақанова айтқан. Ал Роза Рымбаеваның сөзіне қарағанда, Есқалиева бұл әнді ешқашан орындамаған.

«Менің алдымда бұл әнді ешкім орындаған жоқ. Бұл жалған. Мұны түзеу керек. Ол (Нағима Есқалиева – Sputnik) бұл әнді ешқашан орындаған емес. Бұл әнді алғаш болып орындаған мен», — деді Роза Рымбаева.

Қан мен өлім және махаббат: соғыс кезіндегі әндер жайлы

Әнші соғыс жылдарындағы әндердің несімен құнды екенін айтты. Рымбаеваның сөзіне сүйенсек, ол жылдары трагедия мен махаббат қатар жүрген.


©
Sputnik / Тимур Батыршин

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева

«Соғыс кезіндегі әндер сол өмірді, тарихты, оқиғаларды көрсетеді. Ол жерде қайғы мен қасірет, соғыс, қан мен өлім ғана емес, махаббат та бар. Ол жерде көктем де, лирика да болды. Әр әнде бір өмір бар. Қазір де жақсы әндер шығып жатыр. Алайда соғыс жылдарындағы әндердің мазмұны басқа және ол сонысымен құнды. Адамдар сол әндер арқылы қиын-қыстау кезеңді, ерлікпен күрескен батырларды, соғысты еске алады. Халқымыздың басынан не кешкенін көреді, бұл біздің халқымыздың тарихы», — деп ой бөлісті әнші.

Сонымен қатар ол отбасында ешкімнің соғысқа бармағанын айтты.

«Бір білетінім, біздің отбасыдан ешкім соғысқа барған жоқ. Соғыстың отбасыма қандай да бір қиындық тудырғаны жайлы естімедім», — дейді ол.

«Әншілердің 80 процентіне кәсібилік жетіспейді»

Әншінің үлкен ұлы Әли Оқапов сұхбатында сахнадан кетуі мүмкін екенін жиі айтады. Бұл жайында Роза Рымбаева шығармашылық адамы болған соң өзі шешім қабылдайтынын атап өтті. Айтуынша, сахнадан кеткенімен кәсіби маман ретінде өнерден кетпейді.

«Сахнадан кетсе, режиссураға баратын шығар. Музыкалық редактор болуы да мүмкін. Екі ұлымның жеке өміріне де, шығармашылығына да араласамын. Олардың қандай ән орындап жүргенін тыңдаймын. Міндетті түрде бірінші орында шығармашылықтарына сын көзбен қараймын. Мен сын көзбен қарамасам болмайды», — дейді ол.

Сонымен қатар отбасындағылардың кәсіби маман екенін, ал басқа әншілердің қандай жолмен сахнаға келіп жатқанын айтты. Сондай-ақ, сахнада жүргендердің бір бөлігінің кәсіби біліктілігі жоқ екенін баса көрсетті.

«Біздің отбасыда барлығы кәсіби маман. Той немесе басқа да шалағай әрекет арқылы сахнаға келгендермен салыстырғанда, әркім өзінің артықшылығы мен кемшілігін біледі. Ең бірінші әнші өз кемшілігін өзі біліп тұруы керек, ал ол сол кемшілікті жетістік деп санаса, онымен сөйлесіп, кеңес айтудың қажеті жоқ. Айтқан пікірді қабылдайтын да, қабылдамайтын да адам бар. Кәсіби маман өз кемшілігін біліп тұрады. Ал біздің әншілердің 80%-іне кәсібилік жетіспейді», — деп қынжылды халық әртісі.

Әнші репертуарымда тойға арналған ән жоқ, себебі кәсіби музыкант ретінде жұмыс істеймін дейді.  

«Лотерея ойнатып, байып үлгерген әнші көп»

Сонымен қатар Рымбаева лотерея ойнатып ақша тауып жүрген әншілер жайлы ойын айтты. Ал басы дауға қалған Ернар Айдар жайлы істің анық-қанығын білмейді.

«Лотерея ойнатып, кітабын сатып, байып үлгерген әнші көп. Парламент содан кейін ғана осыған кірісті. Үкіметте бұл тақырып көтерілген соң, мұндай әрекет жасау шектен шығу деп санаймын. Ал Ернар Айдарға келер болсақ, ол баланы пайдаланып кеткен шығар, анық-қанығын білмейміз. Заңды түрде жазасын алады», — деді ол.

Қазақстанның алтын дауысы атанған Роза Рымбаева әнші Әмірені қазіргі ең керемет дауыс иесі санайтынын айтты.

«Жақында ғана Абайдың 175 жылдық мерейтойында Әміремен бірге ән айттық. Одан бөлек Ақбота Керімбекова, Шаба, Ғаділбек Жанай, Жұбаныш Жексенұлы, Бауыржан Исаевтың әндерін, халық әндерін орындаушылардан Елмұра Жаңаберген, Айгүл Елшібеваны тыңдаймын», — дейді Рымбаева.

Зейнетақымен отбасын асырап отыр

Рымбаева елдегі жағдайды біліп, бақылап отыратынын айтты. Түркістан облысында бірнеше ауылды су басуын жығылғанға жұдырық болды деп бағалады.

«Түркістан облысында су қаншама ауылды шайып кетті. Карантинде қиналып отырған халыққа жығылғанға жұдырық болды. Барлық күнкөрісі жермен байланысты, егін егіп отырған адамдар үйсіз қалды. Бұл өте қиын жағдай», — дейді халық әртісі.

Айтуынша, қазір әншілер халыққа көмек көрсететін жағдайда емес. Сонымен қатар Роза Рымбаева қаңтардан бері жұмыссыз отырғанын, ал бала-шағасын зейнетақысына асырап отырғанын айтты.

«Карантинге байланысты қаңтардан бастап жұмыссыз отырмыз. Маусым мен шілдеде не болатыны белгісіз. Мен де, Әли де жарты жыл жұмыссыз қалдық. Зейнетке шыққаныма бес жыл болды. Зейнетақыммен бала-шағамды асырап отырмын. Симфониялық оркестрдің әншісімін, сол жерде айлығым жүріп жатыр», — деді ол.



sputniknews.kz