Роза Әлқожа: «Тойдан шаршадым» деп едім, артынша сегіз ай бойы азап шектім

0

Қазақ эстрадасының танымал әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында сөздің киесі туралы жазба қалдырды. Өнер иесі бір кездері «тойдан шаршадым» деп қалып, артынша басына іс түскенін, содан кейін сегіз ай бойы азап шеккенін жеткізді.

«Адам тағдырының тәуір болуын тәңірден сұрайды. Сонда сұрау үшін сөз қажет. Ол сөз керемет сөйлемдерді құрайды. Жаратқанға жалбарынған жан жақсы ниетпен ғана отырады. Жан солай тазарады. Неғұрлым төменге қараған сайын адам өзі де төмендейді. Сол үшін де биіккке шығып тұру керектігі. Сол себепті биік адаммен тілдескенде биіктеп кететіні. Жаман сөз айтқанға жақсы сөз айту қиын. Ал, өрелі сөз айтқанға өкінбей жүретіндей сөйлегің келеді.

Сөз-жан дауысы. Сөз- қуат. Сөз-кие. Сөз-мәдениет. Сөз-тағдыр. Оны дұрыс қолданбасаң тағдырың өзгеруі мүмкін. Оған сақшы қоймасаң, семсер секілді жүректерді жаралауы мүмкін.

«Шаршадым» деме шаршап қаласың» деген сөзі бар екен Роза Бағланованың. Тәңірден сұрағанда да мысалы дұрыс сұрау керек екен. Анықтап. Сол сияқты тегін екен деп қолданып сөзбен біреудің көңілін түсіре бермейік. Жөні осы екен деп аспай сөйлейік. Ар жағында қабыл етер Алла бар. Азап шегетін адам бар.

Мысалы, мен өзім шақырған жерлерге үлгере алмай кеткенде «тойдан шаршадым» деп қалғаным бар. Артынша басыма іс түсіп, сегіз ай бойы азап шектім. Сонда қатты өкіндім. «Бұлай түңіліп, бұлай таусылғанша тойда жүргенім жақсы еді ғой» деп. Тілегенде де, айтқанда да абай болайық. Анықтап айтайық керегін, асырып емес. Жақсы сөзбен жақсы жағдайда жүздесейік, жамағат!», — деді өнер иесі Instagram желісіндегі парақшасында.

kaz.nur.kz