Роскомнадзор Ресейдегі BBC қызметін тексереді

0
59

Роскомнадзор Ресейдегі BBC-дің интернеттегі ресурсын және BBC World News телеарнасын тексереді. Роскомнадзор БАҚ материалдарының Ресей заңдарына қаншалықты сай екенін анықтағысы келеді.

Ведомствоның хабарлауынша, тексеру Лондонның RT телеарнасына қатысты іс-әрекетіне жауап ретінде жүргізілмек.

Ұлыбританиядағы медиа нарықты реттеуші Ofcom ұйымы RT телеарнасының 2018 жылдың наурыз-сәуір айларында эфирге шыққан 10 бағдарламасын тексеріп, олардың жетеуінде заң бұзылғанын анықтаған. 20 желтоқсан күні Ofcom кремльшіл БАҚ-тың журналистері хабар тарату ережелерін бұзып отыр деп айыптаған. Ofcom RT телеарнасын әкелі-балалы Скрипальдерді улауға қатысты іс және Украина мен Сириядағы оқиғалар туралы хабар таратқанда анық ақпарат бермеді деп айыптайды.

Әзірге британ билігі телеарнаға санкция салған жоқ. Бірақ Ofcom телеарнаны эфир бағдарламаларын түзетуге мәжбүрлеуі, айыппұл салуы немесе хабар тарату лицензиясын алып қоюы мүмкін. RT өкілдері британдық ұйым шешіміне наразылық білдірді.

Дереккөз: Азаттық