Rolex, Cartier және Chopard: Астанада СҚО-ның экс-әкімі Ескендіровтің ұлының үйінен 112 млн теңгенің мүлкі тоналды — Қазақстан жаңалықтары

0

Астана қалалық соты Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Самат Ескендіровтің ұлының зәулім үйін тонап кеткен ұрыларға қатысты үкім шығарды. Олардың бірі 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екіншісі 5 жылға шартты түрде сотталды. Алайда қазақстандықтарды экс-шенеуніктің туысының үйінен ұрланған заттардың бағасы таңғалдырып отыр. Ұрылар 112 миллион теңгенің мүлкін қолды қылған.

Rolex, Cartier және Chopard: Астанада СҚО-ның экс-әкімі Ескендіровтің ұлының үйінен 112 млн теңгенің мүлкі тоналды

Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды. 

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ұрлық бүгінде Пәкістан елшілігі орналасқан екі қабатты ғимаратта орын алған. 2018 жылдың 1 қаңтарында екі ер адам үйге терезе арқылы ұрланып кіріп, 80 түрлі затты қолды қылған. 

Зәулім үй Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Самат Ескендіровтің 23 жастағы ұлы Алмат Ескендіровке тиесілі болған. Оның үйінен ұрланған заттар бағалылығымен қайран қалдырады. Экс-шенеуніктің ұлының үйінен 23 миллион теңге ақша, әр түрлі елдердің тиындарының жиынтығы, эксклюзивті травматикалық тапанша, құны 50 мың доллар болатын гаухар тасты алтын Roleх, 25 мың доллар тұратын гаухар тасты швейцариялық Ulysse Nardin, 25 мың долларлық «Зенит», құны 20 мың доллар болатын франциялық Cartier сағаттары, сонымен қатар бағалы металдан жасалған зергерлік бұйымдар, 1,5 миллион теңгелік алтын жалатылған тостағандар, ер адамның және әйелдің құндыз ішіктер ұрланған.

Өз кезегінде қазақстандықтар экс-әкімнің ұлының бақуаттылығына таңғалып жатыр. Олар Алмат Ескендіровтің байлықты адал жолмен тапқанына күмәнданды.

«Әкімге мұншама байлық қайдан келген? Олардың айлығы миллион теңге емес пе? Салық қызметі қайда қарап отыр?», «Бір айлыққа мұншама байлық жинау мүмкін емес», «Кімнің декларация толтыруы керектігі белгілі болды», — дейді желі қолданушылары. 

Ал экономистер жалпыхалықтық декларация кезінде қатаң бақылау керектігін айтады.

«Тек жалпыхалықтық декларация жеткіліксіз. Мұнда қатаң бақылау, тексеріс керек. Декларацияға тап болатын туыстар ортасын нақты белгілеу қажет. Сонымен қатар шығын декларациясын да енгізу керек. Себебі бір ғана табыс декларациясы жеткіліксіз. Табысты жасыруға болады, ал шығынды жасыру мүмкін емес», — дейді экономист Айдар Әлібаев.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz